
Жаңа фильмге дайындық барысында актер 20 келі салмақ тастап, бұлшық ет жинап алған.
Әйгілі британдық актер Рэйф Файнс өзінің шымыр денесімен желіні жарды. «Гарри Поттер» фильміндегі Волан-де-Морт ретінде танымал актер Файнс бұл жолы мүлде басқа қырынан ашылды. Кейпі – ежелгі грек батырларындай.
62 жастағы актер жақында өзінің спорт залындағы фотоларымен бөлісті. Онда танымал тұлғаның дене пішіні айтарлықтай өзгергенін байқауға болады. Бұл трансформацияның негізгі себебі – «Одиссейдің оралуы» фильміндегі басты рөлге дайындық. Айта кетейік, туындының режиссері Уберто Пазолини.
Файнспен жұмыс істеген фитнес маманы – Дэн Авасилкай. Ол актерге:
Арнайы күштік жаттығу бағдарламасын әзірледі
Ақуыз, күрделі көмірсу және көкөніске бай диета ұсынды
Күнделікті жүгіру мен кардио жүктемелер қосты
«Режиссер Уберто менің мықты формадағы қарт адам болғанымды қалады», – дейді Рэйф Файнс.
Уберто Пазолини бастапқыда Файнстың ақуызды шамадан тыс тұтынуына алаңдаған:
«Бастапқыда Рэйф тым көп жаттығу жасап, тым көп ақуыз жеп жатқанына алаңдадым. Бұл – кино үшін еместей көрінді. Өйткені, Ежелгі Грекияда фитнес залдары болған жоқ қой», – деді ол.
Рэйф Файнстың бұл өзгерісі әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, көптеген пікірлер мен мадақтарға ие болды. Көпшілік: «Жас – бұл тек сан ғана» деген пікірді тағы бір дәлелдегеніне риза.