Жарнама
Жарнама
Моуриньюның қорғаныс жоспары Киву тактикасын қалай жеңді?
tacticalfootballanalysis.com

Моуриньюның қорғаныс жоспары Киву тактикасын қалай жеңді?

Бұл мақалада Моуриньюның қорғаныс жоспары, Вальверденің қателіктерді тудырудағы рөлі, Биссектің ойын құрудағы қозғалысы назарға алынды. Сондай-ақ Диуф пен Кукурелья айқасын талдаймыз.

​"Реал" 2026/2027 УЕФА Чемпиондар лигасы аясындағы алғашқы кездесуде өз алаңында "Интерді" қабылдап, жеңіске жетті. 

Бірақ бұған дейін корольдік клуб Ла Лигадағы ойыны үшін жанкүйерлер мен сарапшылар тарапынан сынға ұшыраған еді. 

Дей тұрғанмен, бұл кездесу команда ойыншыларының да, бас бапкер Жозе Моуриньюдің де басқа стильде ойнап, жеңіске жете алатынын көрсетті. Яғни қарсыласқа қарай ойын жоспарын ауыстыра алатынын, тек шабуылға иек артатын футболға ғана сүйенбейтінін дәлелдеді. 

Бұл матчта "Реал" кездесудің басым бөлігінде қорғанып ойнады. Бірақ дәл осы ойын стилі оларды алдыңғы шепте қауіптірек етті: қорғаныс шебін ашық қалдырмай, жоғары прессингке және мүмкіндік туған кезде қарымта шабуылдарға сүйенді.

Бұл тәсіл Кристиан Кивудың командасын, әсіресе шабуылда, абдыратқандай болды. Себебі "Нерадзурри" әдетте жылдам шабуылға ауысу кезеңдері мен қарымта шабуылдарға арқа сүйейді. 

Сонымен қатар, "Реал Мадрид" жоғары прессингі "Интердің" артқы шептен ойынды еркін құруына жол бермеді және мадридтіктердің екі гол соғуына тікелей әсер етті.

"Реал" – "Интер" матчын тактикалық тұрғыдан талдау барысында біз корольдік клубтың кезеңдік жоғары прессингіне, "Интердің" шабуылдағы шешімдері мен қателіктеріне және "Реалжың" ақылды қорғаныс жоспарына тоқталамыз.

"Реал Мадрид" – "Интер": құрамдар мен сызбалар

"Реал Мадридтің" 4-2-3-1 және "Интердің" 3-5-2 сызбасындағы бастапқы құрамдары
"Реалдың" 4-2-3-1 және "Интердің" 3-5-2 сызбасындағы бастапқы құрамдары (1-сурет)

Моуринью кездесуді 4-2-3-1 сызбасымен бастады: қақпада Тибо Куртуа, орталық қорғаушылар Дин Хейсен мен Ибраима Конате, оң қапталдағы қорғаушы Дензел Дюмфрис, сол қапталдағы қорғаушы Марк Кукурелья.

Жартылай қорғаушылар дуэтін Федерико Вальверде мен Трент Александр-Арнольд құрды, қапталдағы шабуылшылар — Винисиус Жуниор мен Брахим Диас, ойын құрушы — Джуд Беллингем, ал басты шабуылшы — Килиан Мбаппе.

Ал Киву өз командасын әдеттегі 3-5-2 сызбасында шығарды: қақпада Жозеп Мартинес болды, ал орталық қорғаушы рөлінде Алессандро Бастони, Бенжамен Павар және Ян Биссек ойнады.

Карлос Аугусто мен Энди Диуф қапталдағы қорғаушылар ретінде негізгі құрамға енсе, орта шепті Николо Барелла, Хакан Чалханоғлу мен Кертис Джонс құрады.

Шабуылда Лаутаро Мартинес пен Маркус Тюрам ойнады. 

"Интердің" ойыны

"Интер" матчты сенімді бастады. Допқа көбірек иелік етті. Бірден көзге түскен нәрсе – Биссектің ойыны. Барлық пас нұсқалары жабылған сәттерде допты алға алып шығудың шешімін табуға мүмкіндік берді.

Биссек қорғаныста, орталық жартылай қорғаныста, тіпті қапталдарға ойысып, ойынды құру фазасында доп иесіне пас нұсқаларын қамтамасыз етті. Позициядан бөлек, оның доппен жұмыс істеу тәсілі және үнемі вертикаль пастар іздеуі де "Интердің" шабуылға ауысу кезеңдері үшін пайдалы болды. Оған қоса, "Интер" шабуылға ауысу кезеңдерінде жылдам ілгерілеуге тырысты және алаңның соңғы үшінші бөлігіне жетіп, көбіне оң қапталдағы Диуфқа ашылған кеңістікті пайдаланды.

Бұл матчтың бастапқы кезеңіндегі "Интердің" қайталанып отырған шабуыл жоспары болды, ал ол "Интерге" ерте гол соғуға көмектесе алатын еді.

Шын мәнінде Диуфтың қапталдағы ойыны қауіпті болды. Кукурелья Диуфтың қауіпті аймақтарға жетуі үшін уақыт пен кеңістік қалдырды. 

Диуфтың оң қанатта Кукурельямен бір-біреу жағдайында қалып, айыппұл алаңына қол беруі
Диуфтың оң қанатта Кукурельямен бір-біреу жағдайында қалып, айыппұл алаңына қол беруі (2-сурет)

Диуф пен Кукурелья арасындағы жекпе-жек "Интер" үшін тек аталған екі эпизодта емес, басқа да көптеген сәттерде нақты артықшылық болды: Диуф Кукурельяны айналып өтуге немесе айып алаңына қажетті пас беруге мүмкіндік алып отырды.

Диуфты тоқтата алмағаны үшін Кукурельяны да, Моуриньюды да сынға алуға болады. Өйткені Диуфқа қарсы қорғану керегі туралы басқа ойыншыға нұсқау бермеді. Мысалы, осы эпизодта Диуф Кукурельяны оңай айналып өтіп, ешбір қиындықсыз сол аяғымен айып алаңына пас берді. Бұл "Интер" үшін оңай голға айналатын эпизод болды, себебі Диуфтың әрекеті қауіпті болатын.

 
Диуф Кукурельяны айналып өтіп, айып алаңына қауіпті пас берген эпизод (3-бейне)

"Интердің" ойын құрудағы қателіктері және Мбаппенің голы

"Реалдықтар" "Интердің" қорғанысына үздіксіз жоғары прессинг жасамағанымен, кейде "Интер" ойыншыларын қарқынды прессингпен маңызды қателіктер жасауға мәжбүрледі. Тіпті Биссек арқылы шешім табу да кейбір жағдайларда сәтсіз болды. Нәтижесінде Биссектің де қателікке бой алдыруына алып келді. 

Мәселен, "Реалдың" бірінші голының эпизоды Джонсқа қарсы қолданылған прессинг есебінен туды: бұл оны абыржытып, пас беруде кібіртіктеуге мәжбүрледі, ақыр соңында ол Биссекке қарай сәтсіз пас берді. Ал оның соңы артынша голға ұласты. 

 
Джонсқа қарсы қосарланған қорғаудан кейін Биссектің қателігі Диас арқылы Мбаппенің голына ұласты (4-бейне)

Вальверде екінші голды қалай туғызды

Бірінші гол эпизодында болғандай, "Реал" доп ұстаған қарсыласқа қысым жасау керек кезді дәл таңдады. Олар мұны алаңның үшінші бөлігінде "Интер" кері пастарға жүгінген сәтте жасады.

Джонс пен Биссекке қарсы прессинг әлі де жеміс беретінін білді: "Интерге" допты көбірек иеленуге мүмкіндік беріп, мүмкіндік туғанда қарсы шабуылдарға немесе "Интердің" қорғаныс шебі мен жартылай қорғаушыларын тосын ұстау үшін кезеңдік жоғары қысымға сүйенуге ұмтылды. Және ол өз нәтижесін берді: Бастони Паварға пас берген бойда олар жоғары прессингін іске қосты.

Павар допты қақпашыға қайтарғанда, Вальверденің әрекеті Мартинестің реакциясынан жылдам болды және шешуші гол соғуға мүмкіндік берді.

 
Павардың қақпашыға кері пасынан кейін Вальверде допты Мартинестен үзіп алып, екінші голды соғады (5-бейне)

Моуриньюның төменгі блогы

"Реал" бұл матчта ерекше қырын көрсетті. Олар қорғанысы мығым ойын көрсетті.  Допты "Интерге" беріп, қорғануды жөн көрді. Мұны корольдік клуб өкілдері әдейі жасаған болуы әбден мүмкін. 

"Реал", әсіресе екі гол соққаннан кейін, толықтай қорғаныстағы командаға айналды. Тіпті Винисиус сынды ойыншылар әдеттегіден жиірек өз алаң жартысына оралып, қорғануға тырысты. Егер мадридтіктер әдеттегі шабуылға негізделген жүйесін қолданғанда, олар "Интердің" әлдеқайда қауіпті мүмкіндіктері мен қарсы шабуылдарынан көбірек зардап шегетін еді.

"Реал Мадридтің" өз алаң жартысындағы төмен қорғаныс блогы "Интердің" жолын жауып тұр
"Реал Мадридтің" өз алаң жартысындағы төмен қорғаныс блогы "Интердің" жолын жауып тұр (6-сурет)

"Реал Мадрид" – "Интер": 2:1 жеңістен кейінгі тактикалық тұжырымдар

"Интер" қапталдардағы басымдықтарын пайдалана алмады. Диуф қарсыласын көптеген эпизодтарда айналып өткенімен айып алаңының ішіндегі позиция мен соққылар тиісті деңгейде болмады. Бұған қоса, "Интердің" допқа иелік етіп, алаңның үшінші бөлігіндегі баяу шешімдері оларға көбірек гол соғуға мүмкіндік бермеді.

Негізі, "Реал" одан да көп гол соға алатын еді, бірақ "Интердің" қорғанысы, әсіресе екінші бөлімде, ықшам болды.

Ал "Реалдың" қорғаныс шебінің төмен орналасуы мен жылдам қарымта шабуылдарға сүйенуі бұл матчта өз жемісін берді. Және қажет кезде осы жүйемен, әсіресе "Интерге" ұқсас ойын стилі бар командаларға қарсы кездесулерде корольдік клуб оң нәтижеге жете алатынын дәлелдеді.

Дереккөз: Tactical Football Analysis (авторы — Selim Ben Hmida). Материалды penalty.kz редакциясы қазақ тіліне бейімдеді.

Жарнама
Жарнама