"Қайрат" Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын шықты
Алматылық "Қайрат" футзал клубы УЕФА Чемпиондар лигасының 2026/2027 жылғы маусымында 1/8 финалға жолдама алды.
Плей-оффқа қалай жолдама алды?
"Қайрат" А жолының екінші тобында бастапқыда бельгиялық "Андерлехт", Румынияның "Юнайтед Галати" клубы және ригалық "Бейтар" өнер көрсетуі тиіс еді. Регламент бойынша топтағы төрт команданың үшеуі 1/8 финалға өтеді.
"Юнайтед Галати" жарыстан шыққан соң топта үш клуб қалды. Осылайша "Қайрат", "Андерлехт" және "Бейтар" плей-оффқа шығуын қамтамасыз етті. Ал өзара ойындар олардың топтағы орындарын анықтайды.
Алматылық клуб жариялаған кестеде "Юнайтед Галатиге" қарсы матч жоқ. УЕФА сайтындағы жаңартылған күнтізбеде де румын командасының кездесулері көрсетілмеген. "Юнайтед Галати" бұған дейін қаржылық қиындықтарға байланысты жарыстарға қатысуын тоқтатқанын мәлімдеген.
Матчтар қашан өтеді?
"Қайрат" 28 қазанда "Бейтармен", ал 31 қазанда, "Андерлехтпен" ойнайды. Екі кездесу де Бельгияның Роосдал қаласындағы "Альфасун Индор" аренасында жергілікті уақытпен 20:30-да басталады. Қазақстан уақытымен матчтар тиісінше 29 қазан және 1 қараша күндері сағат 00:30-да өтеді.