Кернарфон Таун (уэльсше Clwb Pêl Droed Tref Caernarfon) — Уэльстің Гвинед аймағындағы Кернарфон қаласының кәсіби футбол клубы. Команда Кимру Премьер лигасында ойнайды, ойындарын «Овал» стадионында өткізеді. Стадион сыйымдылығы — 3000 орын, оның 600-і отыратын орын. Клубтың сары-жасыл ойын киіміне байланысты оны «канарейкалар» деп атайды, бұл лақап ат 1895 жылдан бері қалыптасқан; тағы бір лақап аты — «Кофис».
Қаладағы алғашқы белгілі футбол клубы 1876 жылы құрылған Карнарвон Атлетик болды. Ол қаланың әр жерінде ойнап, 1888 жылы бүгінгі «Овал» алаңына тұрақтады. Атлетик 1893 жылы таратылды, ал екі жылдан соң Кернарвон Айронополис клубы құрылып, 1900 және 1902 жылдары Уэльс Кубогының жартылай финалына шықты. 1903 жылы Солтүстік Уэльс жағалауы лигасымен келіспеушіліктен кейін бұл клуб та жабылды. Оның ойыншылары Кернарвон Колтс және Кернарвон Ройал Уэлч Фьюзилиерс командаларын құрды, олар 1906 жылы бірігіп, Кернарвон Юнайтед болды.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Юнайтед ойыншылары Кернарвон Атлетикті қайта жаңғыртты. Клуб Солтүстік Уэльс лигасында табысты ойнады, ал 1929 жылы Англия ФА Кубогының бірінші раундында Дарлингтонды жеңіп, кең танылды. 1930 жылы клуб қаржылық таратылуға ұшырады, бірнеше жылдан кейін қайта жандангандай болғанымен, көп өтпей жоғалып кетті.
1937 жылы жанкүйерлер тобы Кернарфон Таун клубын құрды. Уэльстің Солтүстік лигасында ұзақ жылдар табысты ойнағаннан кейін, 1980 жылы клуб Уэльс футбол қауымдастығының рұқсатымен Ланкашир Комбинейшн лигасына өтуге өтініш берді. Онда «канарейкалар» 1981 жылы чемпион атанды, содан кейін лига Чешир округтік лигасымен бірігіп, Солтүстік-Батыс округтер лигасы құрылды. 1985 жылы клуб осы лиганың Бірінші дивизионында екінші орын алып, Солтүстік Премьер лигасына қабылданды.
Клуб тарихындағы ең жақсы маусым 1986/87 жылдары болды: бас бапкер Джон Кингтің басшылығымен команда ФА Кубогында Стокпорт Каунти мен Йорк Ситиді жеңді, тек үшінші раундтың қайталама ойынынан кейін Екінші дивизион клубы Барнслиден ұтылды. Дәл сол тұста Кернарфон Таун Солтүстік Премьер лигасында қатарынан екі маусым үшінші орын алды — бұл клубтың ең үздік көрсеткіші саналады. 1995 жылы директорлар кеңесі жаңадан құрылған Уэльс лигасына қосылу туралы шешім қабылдады. 1999/2000 маусымында команда төменгі лигаға түсті, бірақ келесі жылы Кимру Альянсты жеңіп, бірден кері қайтты.
2013 жылғы 13 апрелде Ньютаундағы «Латем Парк» стадионында өткен Уэльс футбол қауымдассытының Кубогы (FAW Trophy) финалында Кернарфон Таун Суонсидің Килви Фордс командасын 6:0 жеңді. Бұл 1978 жылдан кейінгі алғашқы осындай жеңіс болды, ал финалдағы есеп айырмасы жарыстың 123 жылдық тарихындағы ең үлкені болып қалды. Сол 2012/13 маусымында клуб Уэльс Альянсында 28 ойыннан 66 ұпай жинап, бірінші орынмен Кимру Альянсқа көтерілді. 2022 жылғы 24 сентябрьде Кернарфон Таун мен Нью Сейнтс Шотландияның SPFL Trust Cup жарысына шақырылды; клуб қонақта Клайдтан «Нью Дуглас Парк» алаңында 0:1 ұтылды.
2024 жылғы 18 майда Кимру Премьер плей-офф финалында Пенибонтты жеңген Кернарфон Таун тарихында тұңғыш рет еурокубокқа — 2024/25 маусымдағы УЕФА Конференция лигасына жолдама алды. Іріктеудің бірінші раундында Солтүстік Ирландияның Крусейдерс клубымен ойнап, үй ойынында 2:0 жеңді, ал жауап ойынында қосымша уақыттан кейін 1:3 ұтылды. Жалпы есеп 3:3 болғанда, командалар пенальти сериясына шықты, онда Кернарфон Таун 8:7 басым түсті. Екінші іріктеу раундында Польшаның Легия (Варшава) командасынан қонақта 0:6, үйде 0:5 ұтылып, жалпы есеппен 0:11-мен жарыстан шығып қалды.
2025/26 маусымында «Овал» стадионы ауқымды жаңғыртуға жабылғандықтан, клуб үй ойындарын Лландидно командасының алаңы — «Маэсду Паркте» уақытша өткізді. Сол маусымда Кернарфон Таун тарихында бірінші рет Уэльс Кубогын жеңіп алды: Ньюпорттағы «Родни Парейд» стадионындағы финалда Флинт Таун Юнайтедті 3:0 ұтып, үш маусымның ішінде екінші рет УЕФА Конференция лигасына жолдама алды.
Клубтың басты жетістіктері: Уэльс Кубогы (2025/26), FAW Trophy (1977/78, 2012/13), Кимру Альянс чемпионы үш мәрте (2000/01, 2015/16, 2017/18), Уэльстің Солтүстік лигасы чемпионы төрт мәрте (1946/47, 1965/66, 1977/78, 1978/79), Уэльс Альянсы (2012/13), Ланкашир Комбинейшн (1981/82) және оның кубогы (1980/81), сондай-ақ Кимру Альянс Лига кубогы төрт мәрте (2000/01, 2013/14, 2015/16, 2016/17). Клубтың негізгі бәсекелестері — Портмадог, Бангор Сити және Рил.
2026 жылғы апрельде клуб жанкүйерлермен ұзақ ақылдасудан кейін жаңа эмблемасын таныстырды: 2023–2025 жылдары үш рет жанкүйерлер сауалнамасы өткізіліп, соңғы шешім 2026 жылдың басында олардың алдында қабылданды. Жаңа елтаңба 2026/27 маусымнан бастап ойын жейделеріне түседі. Клуб төрағасы Пол Эванстың айтуынша, жаңа дизайнға Оуайн Глиндурдың айдаһары мен қылышы енгізілген, ол клубтың тарихы, мұрасы және бірегейлігін көрсетеді.
Дереккөз: Уикипедия (CC BY-SA) · penalty.kz редакциясы қазақ тіліне бейімдеді