Динамо (Загреб) — Хорватияның Загреб қаласында орналасқан кәсіпқой футбол клубы. Толық атауы — Građanski nogometni klub Dinamo Zagreb, яғни Загреб азаматтарының футбол клубы. Команда елдің жоғарғы дивизионы — Хорватия футбол лигасында өнер көрсетеді және хорват футболындағы ең титулды клуб саналады: 26 чемпиондық атақ, 18 Хорватия Кубогы, 8 Хорватия Суперкубогы және бір Жәрмеңкелер қалалары кубогы бар. Клуб бүкіл тарихы бойы жоғарғы дивизионнан түспеген: 1946 жылдан 1991 жылға дейін Югославия Бірінші лигасында, 1992 жылдан бері Хорватия чемпионатында ойнайды. Лақап аттары — Modri және Plavi («көктер»), сондай-ақ Purgeri («азаматтар»). Дәстүрлі түсі — королдік көк, соңғы жылдары еуропалық кездесулерде қою көк түс қолданылады.
Клубтың бастауы 1911 жылдың 26 сәуірінде Загребте Андрия Мутафелия мен оның достары құрған 1. HŠK Građanski командасынан басталады. Ол кезде Хорватия Австрия-Венгрия құрамында еді; Građanski Венгрия лигасында ойнайтын клуб құрылады деген қауесетке жауап ретінде, айқын хорваттық бет-бейнесі бар көпсалалы спорт қоғамы болып негізделді. Клубта футбол, гандбол және велоспорт бөлімдері жұмыс істеді. Алғашында команда Тушканац, Мартиновка, Канал және Максимир алаңдарын пайдаланды, кейін Котурашка көшесінде өз стадионын салды — оны 1924 жылы хорват саясаткері Степан Радич ашты.
Građanski халықаралық сапарларда табысты өнер көрсетті: 1923 жылы Испанияға барған сапарында Барселона мен Атлетик Бильбаоны жеңді, Австрия мен Венгрияға жиі барып, жергілікті мықты командалармен жолдастық ойындар өткізді. 1936 жылғы Англия сапарынан кейін команда WM схемасын қабылдады, бұл 1936–1937 жылғы Югославия чемпионатын жеңіп алуға көмектесті. Осы схеманы 1936 жылы Građanski бас бапкері ретінде қолдана бастаған Мартон Букови оны 1940 жылдардың соңында Венгрияға әкелді және кейін атақты WW жүйесіне айналдырды — сол жүйе Венгрия құрамасын 1954 жылғы әлем чемпионатының финалына жеткізді. Клуб Еуропадағы алғашқы халықаралық клубтық турнир — Митропа Кубогына үш рет (1928, 1937 және 1940 жылдары) қатысты. 1940 жылы ширек финалда венгриялық Уйпештті жалпы есепте 5:0 жеңгенімен, жартылай финалда Бухарест Рапидінен тиын лақтыру арқылы ұтылды.
1941 жылы Югославия Королдігі нацистік Германияның шабуылына ұшырап, таратылғаннан кейін елдегі спорт жарыстары тоқтатылды, алайда Хорватияның Тәуелсіз Мемлекетінде ұлттық чемпионат жалғасты. Төрт маусым басталып, екеуі ғана аяқталды; Građanski 1942–43 жылғы маусымда жеңімпаз атанды. Соғыс біткен соң, 1945 жылы жаңа коммунистік билік клубты қала қарсыластары HAŠK және Загреб Конкордиясымен бірге таратып, соғыс кезіндегі лигаға қатысқаны үшін жазалау ретінде мұрағатын жойды. Клубтың соңғы ресми ойыны 1945 жылғы 10 сәуірде HAŠK-пен 2:2 есебімен аяқталды.
Građanski таратылғаннан үш күн өткен соң, 1945 жылғы 9 маусымда FD Dinamo деген жаңа спорт қоғамы құрылды. Көп ұзамай футбол бөлімі ашылып, оны Ицо Хитрец басқарды, ал басқармаға Građanski-дің бұрынғы ойыншылары мен әкімшілік мүшелері кірді. Жаңа Динамо Građanski-дің түстері мен лақап атын алды, соғысқа дейінгі жанкүйерлерін мұра етті, ал 1969 жылы Građanski эмблемасына қатты ұқсайтын елтаңба қабылдады. Клубқа Građanski-дің көптеген белгілі ойыншылары — Франьо Вёлфл, Август Лешник, Звонимир Цимерманчич, Бранко Плеше, Милан Антолкович, Мирко Кокотович, Ивица Райсс, Эмил Урх, кейінірек Иван Язбиншек — сондай-ақ бапкер Мартон Букови мен физиотерапевт Франьо Жлоф ауысты. Алғашқы жылдары команда үй ойындарын Građanski-дің ескі Котурашка стадионында өткізді.
Динамо Югославия Бірішіі лигасының алғашқы 1946–47 маусымында ойнап, Партизаннан бес ұпай артта қалып, күміс жүлдегер атанды. Келесі 1947–48 маусымда клуб Сплит Хайдугы мен Партизаннан бес ұпай озып, алғашқы ірі жүлдесін — Югославия чемпиондығын жеңіп алды. 1951 жылы команда екі матчтық финалда Воеводинаны 4:0 ұтып, алғашқы Югославия Кубогын алды. Кейін клуб тағы үш кубок (1960, 1963 және 1965) және екі чемпиондық (1953–54 және 1957–58) жеңісін қосты. Еуропалық турнирлерге алғаш рет 1958–59 жылғы Еуропа чемпиондар кубогының іріктеу кезеңінде қатысып, Прага Дуклосынан ұтылды. 1960–61 жылғы Кубоктар кубогында жартылай финалға жетіп, Фиорентинадан жеңілді, ал 1962–63 жылғы Жәрмеңкелер қалалары кубогында финалға шығып, Валенсияға жалпы есепте 1:4 есебімен есе жіберді. Бұл кезеңде Желько Чайковский, Златко Шкорич, Краснодар Рора, Дениял Пирич, Дражан Еркович, Ивица Хорват, Славен Замбата және Рудольф Белин сынды жұлдыздар Югославия құрамасының негізгі ойыншылары болды.
1966–67 жылғы Жәрмеңкелер қалалары кубогында Динамо еуропалық турнирді жеңіп алған алғашқы югославиялық команда болды. Бірінші айналымда Брно Спартагымен жалпы есеп 2:2 болып, жеңімпаз тиын лақтыру арқылы анықталды. Екінші айналымда шотландиялық Данфермлинмен 4:4 болғанда, турнир тарихында тұңғыш рет қолданылған қонақтағы гол ережесі Динамоның пайдасына шешті. Одан әрі клуб Питешти Динамосын, Ювентус пен Айнтрахтты ұтып, финалға жетті. Финалдың алғашқы ойынында Максимирде 33 мың көрермен алдында Лидс Юнайтедті Мариян Черчек пен Краснодар Рораның голдарымен 2:0 жеңді, ал Элланд Роудтағы жауап ойыны 0:0 аяқталып, титул Загребте қалды. Кубокты сол кездегі ФИФА президенті сэр Стэнли Роуз клуб капитаны әрі ең көп гол соққан ойыншы Славен Замбатаға табыстады. Бұл 1990–91 жылы Белград Қызыл Жұлдызы Чемпиондар кубогын алғанға дейінгі 24 жыл бойы югослав клубының жалғыз еуропалық жүлдесі болып қала берді.
1969 жылы Динамо Югославия Кубогын алып, 1969–70 жылғы Кубоктар кубогында ширек финалға жетті, алайда 1970 жылдары бірде-бір жүлде жеңіп алмады. 1978–79 жылғы чемпионатта Хайдук пен Динамо 50 ұпайдан жинағанымен, гол айырмасының арқасында титулды Хайдук алды; Риекаға ұтылған ойынға қатысты дау төрт жылдан соң сотта Динамоның пайдасына шешілгенімен, Югославия футбол федерациясы да, Хайдук та бұл шешімді мойындамады. 1980 жылдардың басында клуб Қызыл Жұлдызды жалпы есепте 2:1 ұтып, алтыншы Югославия Кубогын алды, 1982 жылы кезекті чемпиондыққа жетті, ал 1983 жылғы жетінші кубок Югославия құрамындағы соңғы жүлдесі болды. Барлығы Югославия жүйесінде клуб тоғыз рет чемпион атанып, сегіз кубок жеңіп алды.
Югославия ыдырағаннан кейін Динамо Хорватия чемпионатын құруға қатысты, алғашқы маусым 1992 жылы өтті. Сол жылы клуб даулы түрде HAŠK Građanski атауын алды, ал 1993 жылы Croatia Zagreb болып өзгертілді. Атауды ауыстыру клубты коммунистік өткенінен алшақтату мақсатындағы саяси қадам ретінде бағаланды және жанкүйерлер оны ешқашан қабылдамады, сондықтан 2000 жылғы 14 ақпанда команда Динамо атауына қайта оралды. Croatia Zagreb атымен клуб алты чемпиондық, оның ішінде 1996 жылдан 2000 жылға дейін қатарынан бесеуін, және төрт Хорватия Кубогын жеңіп алды. 1998–99 маусымда УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде Аякс, Олимпиакос және Портумен бір топта ойнап, Портуны үйінде, Аяксты қонақта ұтқанымен келесі кезеңге өте алмады. 1999–2000 маусымда Манчестер Юнайтед, Марсель және Штурммен ойнап, Олд Траффордта әлем чемпионы атанған Манчестер Юнайтедпен 0:0 тең түсті.
2000 жылдардан бастап Динамо Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу айналымында бірнеше рет Милан, Киев Динамосы, Арсенал, Вердер және Шахтёрға ұтылды. Ішкі аренада клуб тұрақты үстемдік етті: осы кезеңде бес чемпиондық, алты Хорватия Кубогы және төрт Суперкубок жеңіп алды. Клуб академиясы Хорватия құрамасының көптеген ойыншыларын дайындады, олардың ішінде Лука Модрич, Эдуардо, Ведран Чорлука, Нико Кранчар және Томислав Бутина бар. 2011 жылы команда Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып, Реал Мадрид, Лион және Аякспен бір топта барлық алты ойынды ұтылды; жалғыз жарқын сәті — Сантьяго Бернабеуда соғылған екі гол, топта Реал жіберген жалғыз голдар. Келесі маусымда да топтық кезеңге жетіп, Порту, Киев Динамосы және Пари Сен-Жерменмен ойнап, бір ғана ұпай жинады.
2015–16 маусымда клуб Бавария, Арсенал және Олимпиакоспен бір топта өнер көрсетіп, 2015 жылғы 16 қыркүйекте үйінде Арсеналды 2:1 жеңді, әрі елде чемпиондық пен кубокты қатар алды. Ал 2016–17 маусым тарихтағы ең сәтсіздердің бірі саналды: 2004–05 маусымнан бергі алғаш рет чемпиондықсыз қалып, кубокты да Риекаға жіберді, ал Чемпиондар лигасында Ювентус, Севилья және Лионмен алты ойында бірде-бір гол соға алмай, он бес гол жіберді. 2017–18 маусымда клуб Adidas-пен форма келісімін жасады, еуропакубоктарға 2006 жылдан бергі алғаш рет іріктеле алмады, бірақ Ненад Белица басқарған команда чемпиондық пен кубокты жеңіп алды, финалда Хайдукты ұтты.
2018–19 жылғы УЕФА Еуропа лигасында Динамо 49 жылда алғаш рет плей-оффқа шығып, 1/16 финалда Виктория Пльзеньді өткізіп жіберді, ал 1/8 финалда Бенфикадан ұтылды: үйінде 29 704 көрермен алдында 1:0 жеңгенімен, қонақта 0:3 есебімен есе жіберді. 2019–20 маусымда клуб Манчестер Сити, Шахтёр және Аталантамен бір топқа түсіп, Загребте Аталантаны 4:0 жеңді — бұл клубтың Чемпиондар лигасындағы ең үлкен жеңісі, алайда топта соңғы орында қалды.
2020–21 жылғы Еуропа лигасында Зоран Мамич басқарған команда Фейенорд, Мәскеу ЦСКА-сы және Вольфсбергпен бір топта жеңіліссіз бірінші орын алып, топтық кезеңде бір-ақ гол жіберді. Мәскеу ЦСКА-сына қарсы соңғы топтық ойынның 34-минутынан бастап клуб 526 минут бойы гол жібермей, бұған дейін Манчестер Юнайтедке тиесілі болған УЕФА турнирлеріндегі рекордты жаңартты. 1/16 финалда Краснодарды екі ойында да ұтып, 1/8 финалда Тоттенхэмге қонақта 0:2 ұтылғанымен, үй ойынында Мислав Оршичтің үш голының, соның ішінде қосымша уақытта соққан соңғы голының арқасында 3:0 жеңіп, ширек финалға шықты; онда Вильярреалдан жалпы есепте 1:3 ұтылды. 2021 жылғы 15 наурызда Зоран Мамич Хорватия Жоғарғы соты үкімді бекіткеннен кейін бас бапкер және спорттық директор қызметінен кетті; оның ағасы Здравко Мамич 2018 жылғы 6 маусымда сыбайлас жемқорлық үшін алты жарым жылға сотталған еді.
Хорватия чемпионатында клуб рекордтық титулдарға ие: лига тарихында тек төрт рет үздік екіліктен тыс қалған, Хорватия Кубогының 29 финалының 23-іне шығып, 16-сын жеңген, ал Суперкубокты он бір финалдан кейін сегіз рет алған. Чемпиондық пен кубокты біріктірген «дубльді» команда 14 рет жасады. 2014–15 маусымдағы чемпиондық ерекше саналады: бұл Хорватия чемпионаты тарихындағы жалғыз жеңіліссіз маусым. Барлығы клуб 72 ресми ішкі титул және бір халықаралық турнир жеңіп алды. Клуб сондай-ақ 1976 жылы Балқан Кубогын алды.
Динамоның үй алаңы — 1912 жылғы 5 мамырда ашылған Максимир стадионы, ол Загребтің солтүстік-шығысында, қаланың ең үлкен саябағының қарсысында орналасқан. Арена алғашында HAŠK-ке қызмет етті, ал клуб оның жалдаушысы 1948 жылы қайта жаңартудан кейін болды; Максимирдегі алғашқы ойынын 1948 жылғы 19 қыркүйекте 40 мың көрермен алдында өткізді. Бастапқыда стадионда ат тағасы пішіндес бір трибуна болды; солтүстік трибуна 1998 жылы толық қайта салынып, 10 965 орындық болды, кейін сыйымдылығы 9 460 орынға дейін азайды. Жобамен Владимир Турина, Эуген Эрлих және Франьо Найдхардт сияқты сәулетшілер жұмыс істеді. 1997 жылы шығыс және оңтүстік трибуналарға орындықтар қойылды, 1999 жылғы Дүниежүзілік әскери ойындар алдында 12 600 орындық батыс трибунасы жаңартылды. 2006 жылы Загреб мэрі Милан Бандич 150 миллион еуролық қайта құру жобасын жариялады, бірақ ол да, Кайзерица стадионын салу жоспары да 2012 жылы тоқтатылды. 2011–2013 жылдары барлық орындықтар ауыстырылып, шым астындағы жылыту жүйесі орнатылды.
Клубтың алғашқы ұйымдасқан жанкүйер топтары 1986 жылы Bad Blue Boys (BBB) атауымен пайда болды; атау 1983 жылғы Bad Boys фильмінен алынған. Топ Загреб аудандарына тарап, бүкіл Югославияға қонақтағы ойындарға өз күшімен ұйымдасып баруымен танылды, үй ойындарында Максимирдің солтүстік трибунасын иеленеді. 1990 жылы Максимирде Қызыл Жұлдызға қарсы ойында болған тәртіпсіздіктер топ үшін жыл сайын аталатын символдық күнге айналды. 1990 жылдардан бері клуб жанкүйерлері хулиганизм және оңшыл радикализм көріністерімен байланыстырылады: УЕФА нәсілшілдік әрекеттер үшін клубты айыппұлдармен, трибуналарды жабумен және 2019 жылы жабық есік жағдайында ойын өткізумен жазалады, 2023 жылғы тамызда Афинада AEK жанкүйерінің өлімімен аяқталған төбелестен кейін BBB-нің 100-ден астам мүшесі ұсталды.
Динамоның басты қарсыласы — Сплит Хайдугы, олардың кездесулері «Мәңгілік дерби» немесе «Хорват дербиі» деп аталады. Қарсыласу 1920 жылдары Građanski мен Хайдук ойындарынан бастау алады және Хорватияның солтүстігі мен оңтүстігінің шайқасы саналады; бұл матчтар елдегі ең көп көрермен жинайтын, ең көп медиа назарына ие оқиға. 2010 жылдары титул мен кубок үшін басты бақталас болған Риекамен, 2020 жылдардың басында Осиекпен де қарсыласу күшейді. Югославия кезінде негізгі бақталастар қатарында Қызыл Жұлдыз мен Партизан болды. Бір қаладағы Загреб пен Локомотива жанкүйерлер тарапынан басты қарсылас саналмайды.
2016 жылы сарапшылар мен жанкүйерлер клуб тарихындағы үздік құрамды 4–4–2 схемасы бойынша таңдады: қақпада Дражен Ладич, қорғауда Рудольф Белин, Велимир Заец, Ивица Хорват және Томислав Црнкович, орта шепте Лука Модрич, Желько Перушич, Звонимир Бобан және Марко Млинарич, шабуылда Дражан Еркович пен Давор Шукер. Клубтың ең пайдалы трансферлері арасында Бошко Балабанның 2001 жылы Астон Виллаға 7,8 миллион еуроға, Эдуардоның 2007 жылы Арсеналға 13,5 миллион еуроға, Ведран Чорлуканың Манчестер Ситиге 13 миллион еуроға, Лука Модричтің 2008 жылы Тоттенхэмге 21 миллион еуроға, Матео Ковачичтің 2013 жылы Интернационалеге 11 миллион еуроға ауысуы бар.
Динамо акция шығармайтын, Хорватия заңдары бойынша азаматтық бірлестік ретінде табыс салығы төлемейтін коммерциялық емес ұйым болып тіркелген, сондықтан ашық мүшелік жариялауға міндетті: клубтың әрбір мүшесі басқарма өкілдерін сайлауда тең дауысқа ие. 2019 жылы құрылған және 2020 жылдан жұмыс істейтін «Nema predaje» қайырымдылық қоры гуманитарлық көмек, спорт, білім және әлеуметтік ынтымақ бағытында 500 мың еуродан асатын қайырымдылық жасап, қосымша 300 мың еуро жинауға көмектесті. 2025 жылдан клубтың президенті — Звонимир Бобан, ал жастар академиясы Динамоның негізгі даму бағдарламасы саналады.
Дереккөз: Уикипедия (CC BY-SA) · penalty.kz редакциясы қазақ тіліне бейімдеді