«Қайсар» — Қызылорда қаласының футбол клубы, 1968 жылы құрылған. Қазақстан Кубогының екі дүркін жеңімпазы және Бірінші лиганың төрт дүркін чемпионы. Клубтың лақап аты — Дала қасқырлары. Үй ойындарын 2025 жылы салынған, 11 000 орындық «Қайсар Арена» стадионында өткізеді. Клуб иесі — Исламғали Қозбақов.
Клуб тарихында бірнеше рет ат ауыстырды: 1968 жылы «Волна», 1968–1973 жылдары «Автомобилист», 1974–1978 жылдары «Орбита», 1979–1989 жылдары «Мелиоратор», 1990 жылдан «Қайсар» деп аталды. Кейін 1996–1997 жылдары «Қайсар-Мұнай», 1997–2000 жылдары «Қайсар», 2001–2002 жылдары «Қайсар-Харрикейн», 2002 жылдан бері қайтадан «Қайсар» атауымен ойнайды.
1968 жылдан 1991 жылға дейін команда әр түрлі атаумен КСРО футбол чемпионатының 24 мәресіне қатысты: үш рет Б класында, 21 рет екінші лигада. Осы кезеңде 858 кездесу өткізіп, 304 жеңіске жетті, 184 ойынды тең тәмамдап, 370 рет ұтылды, айырма — 1013:1126. Ең жоғары көрсеткіші — 1988 және 1991 жылдардағы 4-орын. КСРО Кубогында клуб бір-ақ рет (1988/1989) ойнады: Тюмень «Геологын» ұтып 1/16 финалға шықты, онда болашақ кубок иесі Харьков «Металлистінен» екі кездесуде де жеңіліп қалды. КСРО Кубогында барлығы 4 ойын өткізді (1 жеңіс, 1 тең ойын, 2 жеңіліс, доп айырмасы 2:3).
1992 жылдан бастап команда Қазақстан чемпионатына қатысады және 1994, 1995, 2005, 2010 жылдардан басқа кезде негізінен жоғары дивизионда өнер көрсетті. Жоғары дивизиондағы ең үздік нәтижесі — 1998 және 2008 жылдардағы 4-орын. Бірінші лиганы төрт мәрте (1995, 2005, 2013, 2016) жеңіп, екі рет (2010, 2022) күміс жүлдегер болды.
Кубок жарыстарында «Қайсар» 1997/1998 мәресінде финалға шықты, 1998/1999 және 2019 жылдары Қазақстан Кубогын жеңіп алды, 2020 жылы Қазақстан Суперкубогының финалисті атанды. Азия кубок иелері кубогының екі мәресіне қатысып, ең жоғары жетістігі 2000 жылғы 1/8 финал болды.
2004 жылы Петропавлда Қазақстан чемпионатының 29-турында жергілікті «Есіл-Богатырь» мен «Қайсардың» кездесуі жанжалмен аяқталды. «Есіл» 2:0 алда келе жатқанда, 83-минутта қызылордалық қақпашы Евгений Панченко ойыннан шығарылған соң бас бапкер Виктор Кумыков командасын алаңнан алып кетті. Клуб айыппұл төлеп, бірінші лигаға түсірілді және бір жылдан кейін осы турнирді жеңіп, жоғарғы дивизионға қайтты, ал ресейлік бапкерге бес жылға Қазақстан футболында жұмыс істеуге тыйым салынды. 2012 жылы «Тобылға» қарсы үй кездесуінде жанкүйерлердің тәртіпсіздігі үшін клубқа 900 000 теңге айыппұл салынды.
Клубтың ең ірі жеңістері: КСРО чемпионатында Пархар «Хосилотын» 8:1 (1991), Қазақстан Кубогында Ақтау «Каспийін» 6:0 (2005), Қазақстан чемпионатында Тараз «Таразын» 6:1 (1999), Орал «Нарынын» 5:0 (1998) және Шымкент «Достығын» 5:0 (2000), ал жолдастық кездесуде «Гвинея Юнайтедті» 7:0 есебімен ұтты.
Команданы әр кезде Тимур Сегізбаев, Виктор Веретнов, Әбіл Қалымбетов, Уәит Талғаев, Виктор Кумыков, Владимир Никитенко, Дмитрий Огай сияқты бапкерлер басқарды. Ең ұзақ жұмыс істеген жаттықтырушылардың бірі — 2016 жылғы қарашадан 2020 жылғы қарашаға дейін клубты басқарған болгариялық Стойчо Младенов. 2021 жылдың соңынан бастап команданы Сұлтан Әбілдаев жаттықтырды.
«Қайсардың» фарм-клубы — 2014 жылы екінші лигада, 2015 жылдан бірінші лигада ойнайтын «Байқоңыр». Бұған дейін бірінші лигада 1997 және 2003–2007 жылдары «Қайсар-Жас» командасы өнер көрсетті, 2017 жылдан екінші лигада клубтың жастар құрамы «Қайсар-М» ойнайды.
Дереккөз: Уикипедия (CC BY-SA) · penalty.kz редакциясы қазақ тіліне бейімдеді