Бүгін УЕФА жастар лигасының (U-19) жалпы кезеңіндегі үшінші турда «Қайрат» (U-19) командасы Кипрдің «Пафос» (U-19) клубымен кездесіп, 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
Кездесудің алғашқы минуттарында-ақ кипрлік футболшылар белсенді ойнап, есеп ашты. Бірінші тайм соңына қарай қонақтар тағы бір гол соғып, басымдықты екі допқа жеткізді.
Екінші таймда «Қайраттың» жастар құрамасы ойын қарқынын арттырып, бір голмен үміт отын жаққанымен таразы басын теңестіруге шамасы жетпеді. Кездесудің соңына таман «Пафос» тағы да қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, өз басымдығын сақтап қалды.
Нәтижесінде ойын 3:1 есебімен Кипр командасының пайдасына аяқталды.
Осы матчтан кейін «Қайрат» U-19 үш турдан соң турнир кестесінде 32-орынға түсті және әзірге ұпай қоржыны бос. Ал «Пафос» U-19 алғашқы жеңісін тіркеп, 24-орынға көтерілді (3 ұпай).