Әлімханұлы жекпе-жек өткізгісі келетін қаланы атады
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы титулдық жекпе-жегін қай қалада өткізгісі келетінін айтты.
Әлімханұлының таңдауы — Нью-Йорк қаласы. Боксшының айтуынша, бұл қалада оның жанкүйерлері көп.
"Егер промоутерім Top Rank пен Боб Арум жекпе-жекті ұйымдастырса, мен Нью-Йоркте өнер көрсеткім келеді. Себебі ол жерде Қазақстаннан келген жанкүйерлерім көп", — деп жазды Әлімханұлы.
Жаңа қарсыласы кім?
Бастапқыда WBO ұйымы екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Ширазға титулын Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жекте қорғауды міндеттеген. Бұл айқасқа арналған промоутерлік саудада Queensberry компаниясы 1 001 809 доллар ұсынып, жеңімпаз атанған.
Жекпе-жекті өткізуге ықтимал қалалар қатарында Лондон, Бирмингем және Нью-Йорк аталған еді. Алайда Шираз қазақстандық боксшымен кездесуден бас тартып, чемпиондық белбеуден өз еркімен бас тартты.
Осыдан кейін WBO бос қалған әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекке жеңіліп көрмеген дат боксшысы Якоб Банкты бекітті. Банктың кәсіби рекорды - 20 жеңіс, оның 11-і нокаутпен.
Екі тарап жекпе-жек шарттарын 7 қазанға дейін келісуі керек. Егер келісімге келе алмаса, WBO промоутерлік сауда өткізеді.