"Ертіс" клубының тізгінін ұстап жүрген Қайрат Нұрдәулетов басты үміткер саналып отыр.
Қазақстан Премьер-лигасындағы басты клубтардың бірі – “Ақтөбе” бас бапкерін ауыстыруы ықтимал. KazFootball.kz мәліметінше, қазіргі таңда команданы жаттықтырып жатқан Игорь Леоновтың орнына Қайрат Нұрдәулетов келуі мүмкін.
"Ақтөбе" қазіргі уақытта турнир кестесінде 4-орында тұр. Алайда клуб басшылығы командадан әлдеқайда жоғары нәтиже күтуде. Соңғы турлардағы нәтиже мен ойын сапасының төмендеуі Леоновтың орнын шайқалтты. Осыған байланысты басшылық жаңа бапкер іздеуге көшті.
Қазіргі таңда Қайрат Нұрдәулетов Павлодардың “Ертіс” клубының тізгінін ұстап отыр. Команда Бірінші лигада сәтті маусым бастап, көшбасшылар қатарынан көрінуде. Дереккөздерге сүйенсек, Нұрдәулетовтің келісімшартында Премьер-лига клубынан ресми ұсыныс түскен жағдайда "Ертістен" кетуге мүмкіндік беретін тармақ бар.