«Қайрат» футбол клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Алматыдағы Чемпиондар лигасы матчтарына билеттердің жоғары бағасына қатысты жанкүйерлердің сынына жауап беріп, оның себебін түсіндірді.
Оның айтуынша, клуб табыстылық пен қолжетімділіктің арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысқан және УЕФА-ның ұсынымдарына сәйкес әрекет еткен.
«Біз бар болғаны екі сектордың бағасын 250 мың теңге етіп белгіледік. Көпшілік орындар 75 және 30 мың теңгеден сатылды. Біз ақылға қонымды тепе-теңдік таптық деп санаймыз. Иә, стадион толық толмады, бұл рас, бірақ келгендер футболдан ләззат алғысы келген жанкүйерлер болды», – деді Боранбаев Nursultan Qurman YouTube арнасына берген сұхбатында.
Ол сондай-ақ клубтың баға саясатын УЕФА өкілдерімен талқылағанын айтты.
«Біз, әсіресе «Пафоспен» матч алдында, билеттердің бағасын төмендетуді ұсындық, бірақ УЕФА сол деңгейде қалдыруды, тек секторлар бойынша бөліністі өзгертуге кеңес берді. Біз солай істедік», – деп атап өтті ол.
Еске салайық, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі үшінші турда өткен «Қайрат» пен кипрлік «Пафос» (0:0) арасындағы ойынға билеттер 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін сатылған болатын.