Көкшетаулық "Оқжетпес" клубын Қытай компаниясы сатып алады деген ақпаратқа байланысты Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бас хатшысы Давид Лория түсініктеме берді.
ҚФФ бас хатшысы Давид Лорияның айтуынша, қазақстандық футболға сыртқы капитал тарту — қалыпты әрі тиімді тәжірибе.
«Неліктен болмасын? Бұл – капитал тартудың әлемдік тәжірибесі. Мысалы, Англия Премьер-лигасындағы көптеген клубта АҚШ, Қытай, Таиланд секілді елдердің инвесторлары бар. Бұл — қалыпты жағдай. Егер мұндай серіктестік әр клубқа пайда әкеліп, футболымыздың дамуына үлес қоссa, онда біз мұндай мүмкіндіктерді қарастыруымыз керек», — деді Лория Үкіметтегі жиыннан кейін журналистерге.
Сондай-ақ Давид Лория желіде тараған «Қытайлық компания Көкшетаудың “Оқжетпес” клубын сатып алады» деген ақпаратқа да пікір білдірді.
«Күте тұрайық. Менің білуімше, келіссөздер жүргізіледі. Кейін бұл қаншалықты жүзеге асатынын көреміз. Жалпы алғанда, егер шетелдік инвестор қазақстандық футболға нақты қаржы салуға дайын болса, бұл — қызықты әрі пайдалы бастама», — деп жауап берді ҚФФ бас хатшысы.