Тәжірибелі жаттықтырушы қазақстандық таланттың ойынына талдау жасады.
Африкалық футбол маманы Юсуфа Диафоне жас шабуылшы Дастан Сәтпаевтың әлеуетін бағалап, оның физикалық мүмкіндіктері мен даму перспективасы туралы пікір білдірді.
«Физикалық тұрғыдан ол әлі феномен деңгейінде емес. Қазір әлемде 17 жасқа дейінгі чемпионаттарда дәл осындай бой мен дене бітімі бар футболшылар көп. Бірақ өз жасына сай ол жақсы қалыпта дамып келеді», — деді Диафоне.
Бапкердің айтуынша, Дастанға әлі де көп жұмыс істеу және уақытты тиімді пайдалану маңызды.
«Оның алда өсуге уақыты бар. Бірақ бұл уақытты дұрыс қолдану керек. 22–23 жасқа дейін ол өзін толыққанды кәсіби ойыншы ретінде қалыптастыруға тиіс», — деп атап өтті африкалық маман.
17 жастағы Дастан Сәтпаев биылғы маусымда Қазақстан Премьер-лигасында жарқырады. «Қайрат» сапында өнер көрсеткен шабуылшы 14 гол соғып, ҚПЛ-2025 маусымындағы үздік сұрмергендер тізімінде екінші орынға табан тіреді.