«Данди Юнайтедтің» бас бапкері Джим Гудвин клубтың Қазақстан құрамасы мен «Елімай» вингері Ғалымжан Кенжебекке деген қызығушылығы туралы пікір білдірді.
Шотландиялық басылым бұған дейін «Дандидің» 22 жастағы қазақстандық футболшының кандидатурасын қарастырып жатқанын хабарлаған болатын. Ойыншы қаңтарда еркін агент атанады және оған «Хартс», сондай-ақ Португалия, Чехия және Грекия клубтарынан қызығушылық бар.
Гудвин Кенжебекпен келісімшартқа отыру мүмкіндігін жоққа шығармады, бірақ оған таласатын клубтардың көп екенін атап өтті:
«Біз қысқы трансферлік терезеге дайындалып жатырмыз. Кенжебек көптеген клубтардың тізімінде екеніне сенімдімін. Біз әрқашан құрамды күшейтуге тырысамыз және не болатынын қаңтарда көре жатармыз. Қысқы трансфер кезеңі оңай болмайды, бірақ біз құрамды күшейтуді жоспарлап отырмыз», – деді бапкер.
Кенжебекті қатарына қоса алмаса да, Гудвин клубтың жаңа вингер алуды көздеп отырғанын растады. Жалға алынған Амар Фатах пен Иван Дольчек, сондай-ақ жарақаттан енді ғана айыққан Кристиан Трапановски командада жазға дейін ғана ойнайды.
«Бізде жақсы вингерлер бар, бірақ шынын айтқанда, командаға басқа ойыншы қажет. Егер біз жүзеге асыра алатын қолжетімді нұсқа пайда болса, міндетті түрде оны алуға тырысамыз», – деді Гудвин Courier Sport сайтына берген сұхбатында.