Алматының «Қайрат» U-19 командасы УЕФА жасөспірімдер лигасының (UEFA Youth League) жалпы кезеңіндегі алғашқы ұпайын Данияда тіркеді. Қазақстандық клуб сырт алаңда «Копенгагенмен» 2:2 есебімен тең ойнады.
Копенгагендегі кездесу қонақтар үшін керемет басталды. 7-минутта Мансұр Бірқұрманов дәл соққымен есеп ашты. 24-минутта алаң иелері жауап қайтарып, Дэвид Фримпонг таразы басын теңестірді. Алайда 30-минутта Рамазан Бағдат қайтадан қазақстандықтарды алға шығарды.
«Қайрат» жеңіске өте жақын тұрған еді. Бірақ негізгі уақытқа қосылған үшінші қосымша минутта сол Фримпонг дубль жасап, «Копенгагенді» жеңілістен құтқарып қалды.
Соған қарамастан турнир кестесі мен қағаздағы фаворитке қарағанда бұл нәтиже – алматылық жастар үшін үлкен жетістік.
Осыған дейін «Қайрат» U-19 жалпы кезеңдегі төрт ойында да жеңілген еді. Даниядағы тең есеп – команданың УЕФА жасөспірімдер лигасындағы алғашқы ұпайы.
9 желтоқсан күні Алматыда «Қайрат» U-19 грекияның «Олимпиакос» U-19 командасын қабылдайды.