"Ел классико": Сәтпаев гол соғып, алматылықтар көш бастады (ВИДЕО)
Қазақстан Премьер-лигасының 4-турындағы орталық матчта "Қайрат" Алматыда "Астананы" ірі есеппен жеңді.
Ойын тағдыры бірінші таймда шешілді
Алаң иелері матчтың алғашқы минуттарынан бастап жоғары қарқын ұсынып, қарсылас қақпасына қысымды бірден күшейтті. 10-минутта Эдмилсонның қауіпті пасынан кейін Жоржиньо есеп ашты. Араға 12 минут салып Ойви Юкколаның пасынан кейін Дастан Сәтпаев бос қақпаны дәл көздеді.
Одан кейін алматылықтар шабуылды тоқтатпады. 33-минутта Сәтпаев енді ассист авторы ретінде көзге түсіп, Жоржиньоны қақпашымен бетпе-бет шығарды. Португалиялық дубль авторы атанды. Бірінші таймға қосылған уақытта команда капитаны Александр Мартынович төртінші голды соғып, есепті 4:0-ге жеткізді.
Алаң иелері ойынды толық бақылауда ұстады
Үзілістен кейін “Қайрат” ойын тізгінін толық өз қолында ұстады. “Астана” тарапынан қауіпті шабуылдар бола қойған жоқ. Ал алаң иелері есепті сақтап, матчты сенімді түрде аяқтады.
Бұл жеңістен кейін “Қайрат” 10 ұпаймен ҚПЛ-дің бірінші орнына шықты. Елордалықтар 7 ұпаймен бесінші орынға сырғыды.