Қазақстан құрамасының жейдесі әлемдік коллекцияға енді
Аргентиналық жанкүйер әлемнің барлық ұлттық футбол құрамаларының жейделерін жинады.
211 құраманың коллекциясы
Джоан Сильва 15 жылдан астам уақыт ішінде ФИФА құрамына кіретін 211 ұлттық құраманың жейдесін жинаған. Ол әлеуметтік желіде жейделерден әлем картасын құрастырып, көпшіліктің назарын аударды. Коллекциядағы соңғы жетіспеген жейде Ливия құрамасына тиесілі болған. Осылайша жанкүйер толық жинақты аяқтағанын мәлімдеді.
Жинақ ішінде Қазақстан құрамасының да жейдесі бары байқалады. Бұл 2012-2014 жылдары қолданылған сары түсті, кеуде тұсында көк жолағы бар Adidas формасы.
Жейденің алдыңғы бетінде 6-нөмір бейнеленген. Сол кезеңде бұл нөмірмен көбіне жартылай қорғаушы Қайрат Нұрдәулетов өнер көрсеткен. Ол ұлттық құраманың маңызды ойыншыларының бірі болған. Бірақ құрамадағы нөмірлер да матчқа байланысты өзгеруі мүмкін екенін ескеру қажет. Ұлттық құраманың футболкасы коллекцияға қалай енгені туралы ақпарат белгісіз. Қазір Қайрат Нұрдаулетов талдықорғандық “Жетісу” клубының бас бапкері .
Фото: kazfootball.kz
Коллекция тарихы
Джоан Сильваның айтуынша, коллекция жинауды кездейсоқ бастаған. Алғашқы жейдені оған анасы сыйлаған.
“Барлығы Чехия құрамасының жейдесінен басталды. Кейін мен басқа коллекционерлер туралы оқып, толық жинақ құруды мақсат еттім”
Ол 2017 жылы бұл істі жүйелі түрде қолға алып, әлем картасын “жасау” идеясын жүзеге асыра бастаған. Бір қызығы Сильва бұл коллекцияны негізінен Оңтүстік Америкадан шықпай-ақ жинаған. Енді ФИФА-ға кірмейтін құрамалардың жейделерін іздеуді жоспарлап отыр.