Дастан Сәтбаев гол соққан матчта "Челси" 6:4 есебімен жеңіске жетті
Сиднейдегі "Аккор" стадионында "Челси" мен жергілікті "Вестерн Сидней Уондерерс" арасында маусым алдындағы жолдастық матч өтті.
Сәтбаев алғашқы голын соқты
Он гол соғылған тартысты кездесу лондондық клубтың камбэк жасап, 6:4 есебімен жеңіске жетуімен аяқталды.
17 жастағы қазақстандық шабуылшы кездесуді негізгі құрамда бастады. "Қайрат" академиясының түлегі матчтың жетінші минутында "Челси" сапындағы дебюттік голын тіркеді.
Сәтбаев командасының екінші голына да атсалысты. 38-минутта өзі қатысқан шабуылдан кейін Дариу Эссугу есепті өзгертті.
Дастан Сәтбаев 63-минутқа дейін алаңда ойнап, кейін оның орнына Джейми Гиттенс шықты.
Жоао Педро хет-трик жасады
Екінші таймда алаңға қосылған "Челси" футболшылары матч тағдырын шешті. Джейми Гиттенс 66-минутта гол соқса, Жоао Педро кездесудің соңғы бөлігінде хет-трик авторы атанды.
"Вестерн Сидней Уондерерс" сапында Энтони Пантазопулос, Айдан Хаммонд, Дилан Скиклуна және Аван Луал гол соқты.
Лондондық клуб тур аясындағы келесі кездесуін 1 тамызда "Тоттенхэмге" қарсы өткізеді.
Матч Астана уақытымен сағат 14:45-те басталады.
Сәтбаев ойыншылары арасында жоғары баға алды
Flashscore статистикалық порталы 17 жастағы футболшының бұл ойынын он балдық жүйе бойынша 7,6 ұпаймен бағалады.
Сәтбаевтан жоғары ұпайды тек төрт ойыншы иеленді:
- Коул Палмер — 7,7;
- Дариу Эссугу — 8,1;
- Джейми Гиттенс — 8,1;
- Жоао Педро — 9,7.