Бүгін даңқты футболшы Криштиану Роналду 40 жасқа толды.
Португалия – Манчестер – Мадрид
Криштиану Роналду 40 жасқа толды. Ұлы футболшы, даңқты сұрмерген. Футбол өнерін әйгілеп, әлем көз тіккен спорттың абыройын одан әрмен шарықтатқан кемел футболшы. Талай рекордты жаңартты, қаншама трофей жеңіп алды. Талай сүрінді, талай жылады. Бірақ қуанған сәті одан да көп. Ешқашан зейнетті ойламады, әрдайым бейнеттің ортасында жүрді. Әлі де солай.
Көзін ашқалы уақытылы ұйықтап, дұрыс тамақтанып, жиын-тойдың бәрінен бас тартып, жаттығуға бірінші болып барып, ең соңынан қайтып жүрді. Қап-қап ақшасы бола тұра тек спортқа көңіл бөлді. Ішімдікке жоламады, бір сәтке босаңсымады, түнгі клуб жағалап, қыз-қырқынның соңынан ермеді. Өмір бойы өзін күтумен, дамумен, жарақат алмаудың барлық жолын жасаумен келеді.
ПОРТУГАЛИЯ
Криштиану Роналду – Португалияның бағына туған алтын адам. Ол ұлттық құрамаға қосылғалы Португалия аттан түскен емес. Мундиаль мен Еуроның финалдық кезеңінен бірде-бір рет тыс қалмады.
2003 жылы ұлттық құрамадағы тырнақалды матчын Қазақстанға қарсы өткізген Криштиану 22 жылдың ішінде Португалияның әр кезеңдегі құрамымен бірге жаңарып отырды. Фигумен бірге доп теуіп бастаған Криш қазір ХХІ ғасыр басында дүниеге келген Консейсау сияқты зумерлермен ойнап жүр. Бәрін "қартайтып", өз "жасарып" алды. 18 жасындағы сұлу сұлбасы кенепке салынған Дориан Грей дерсіз...
МАНЧЕСТЕР ЮНАЙТЕД
Криштианудың даңқты жолы МЮ клубында басталды. Бәрінің жақсы қасиетін сіңіріп алды. Рой Кин сияқты өршіл болды, Пол Скоулз сияқты шеберге айналды, Райан Гиггзден қалай күтінуді үйренді, Уэйн Рунидің голеодор қасиетін жұтып алды. Рио Фердинанд құсап атлет, Гари Невилл сияқты лидер болды, Дэвид Бекхэмге тән (бірге ойнап үлгермеді) футбол эстетикасын һәм шоу элементтерін көшіріп алды. Осылайша, Криштиану жан-жақты – кемел футболшыға айналды. Қысымды сезбейтін, сыннан сынып кетпейтін, кедергіден жығылмай, сәтсіздіктен сүрінбей жол тауып шығатын мінезді тұлға пайда болды.
РЕАЛ МАДРИД
Еуропада даңқын жоғалтып, ЛЧ ширек финалынан аса алмай жүрген Мадридке 2009 жылы Криштиану қосылды. Мадридке келген соң даңқына даңқ қосты. Клубпен бірге даму даңғылына түсті. Роналдумен бірге Мадридке амбиция көшіп келді. Хет-трик, покер, пента-трик Криштик үшін сән болды. Допты аяғында ұршықша үйіретін Криштиану нағыз голедорға айналды. Көздегені қақпа, діттегені ұпай болды. Тепкені голға, ілгені трофейге айналды. Әр қимылы рекордқа, әр әрекеті феерияға жол бастады. "Реал" шабуылының қайсар қолбасшысы болды, профессионализм мен еңбекқорлығы күллі командаға үлгі болды. Бәрі Роналду сияқты тер төгіп, Криштик сияқты жаттығуда жанын салатын болды. Клубта амбиция асқақтап, атмосфера гүлдеді. Осылайша "Реал" гегемониясы қайта басталды. Әлі жалғасып келеді.
P.S. Криштиану негізі саналы ғұмырын Португалия, МЮ және Мадридке арнады. "Ювентус", "Әл-Наср" сияқты клубтарға ҰЛЫ болу үшін барған жоқ. Қомақты жалақы, жақсы жағдай үшін барды. Бірақ жасым келді деп жатып алмады. Топырлатып гол салып келеді. Әлі де сала береді. Қай кездегідей – сарқылмайтын мотивация, мүжілмейтін мінез, трофейге деген ашқарақтық. Сонысымен ҰЛЫ!
Жасай бер, ұлы Криштиану Роналду. Сенімен бір дәуірде өмір сүріп жатқанымызға мақтанамыз!