Пенальти тебу ережесі өзгеруі мүмкін

Редактор Penalty.kz
12.02.2025, 14:10

Бұл мәселені Пьерлуиджи Коллина көтеріп жатыр. 

news.sportbox.ru

Аты аңызға айналған италиялық төреші Пьерлуиджи Коллина пенальти тебу ережесін өзгерту мәселесін тағы да көтерді. 

ФИФА-ның төрешілер комитеті басшысы Пьерлуиджи Коллина кезекті рет пенальти тебу ережесіне қатысты мәлімдеме жасады. Оның пайымынша, қазіргі уақытта 11 метрлік айып добын орындау форматы шабуылдаушы тарапқа көбірек басымдық береді. 

Статистикаға сай, бүгінде пенальтидің 75 пайызы голмен аяқталады. Коллинаның айтуынша, сейв жасалған кезде, футболшының допты тағы да тебу мүмкіндігіне ие болуы қақпашыны одан сайын қиын жағдайға түсіреді. 

"Менің ойымша, футболшылар бұған шағымдануы керек. Бұл мәселені IFAB-мен де талқылаған болатынмын. Оның шешімі ретінде пенальти орындаушыға тек бір рет қана допты тебуге рұқсат етілуі мүмкін. Матчтан кейінгі пенальти сериясы секілді. Егер оны қақпашы қайтарып, доп алаңда қалса, голкипер оны ойынға өзі қосуы керек", - деді Коллина. 

Айта кетейік, бұрынғы төрешінің бұл идеясы қолдау табуы әбден мүмкін.