Қазақстан ұлттық құрамасы мен Түркияның "Бешікташ" клубының жартылай қорғаушысы Бақтиёр Зайнутдинов жарақатына байланысты Ла-Корунья қаласындағы медициналық орталыққа жол тартты.
Травматолог Рафаэль Арриастың айтуынша, футболшыға ишиалгия диагнозы қойылған. Бұл – жамбас артқы бұлшықеттерінің керілуі немесе ұзақ отыру кезінде пайда болатын ауырсыну, әсіресе, жылдам жүгіру мен кең қадам жасау кезінде қиындық туғызады.
"Зайнутдинов бұл жарақаттан ұзақ уақыт бойы зардап шегіп келеді. Клуб ұсынған емдеу әдістері нәтиже бермегендіктен ол алты жыл бұрын ауыр жарақаттан кейін ем қабылдаған Ла-Коруньяға оралуға шешім қабылдады", – деп жазады La Voz de Galicia басылымы маманның сөзін келтіре отырып.
Бақтиёр Зайнутдинов биылғы маусымда" Бешікташ" сапында 12 матч өткізіп, 1 нәтижелі пас берді.