Мексиканың "Гвадалахара" клубының және ұлттық құрама қорғаушысы Алан Мосо елдегі футболшылардың бәс тігуге қатысты даулы жағдайының аясында жағымсыз оқиғаға тап болды.
Мексика футболында келісілген матчтарға байланысты үлкен жанжал өршіп жатқан кезде Алан Мосо өз әлеуметтік желілерінде бәс тігуді насихаттады.
Instagram стористерінде букмекерлік арнаға сілтемені бөлісіп, оқырмандарын оған қосылуға үндеді. Алайда бірнеше сағаттан кейін ол бұл жазбасын әлеуметтік желідегі аккаунттарынан өшірді.
Мексика футболы соңғы жылдардағы ең даулы кезеңдердің бірін бастан кешіруде. Бірнеше ойыншы матчтарды әдейі ұйымдастырып, бәс тігіп, пайда тапты деген айыптауларға ұшырады. Соған қарамастан, "Чивас" (бұл "Гвадалахара" клубының лақап аты – "Текелер") қорғаушысы Алан Мосо өз жанкүйерлерін Telegram-дағы букмекерлік арнаға қосылуға шақырудан тайынған жоқ. Айта кетерлігі, бұл арнаны оның өзі емес, Маттиас Бетс есімді адам басқарады.
Бірнеше сағат өткен соң, Алан Мосо өзінің жарнамалық жазбасын өшірді. Бірақ ол бұл даулы жағдайға қатысты ешқандай ресми түсініктеме берген жоқ.
Енді негізгі сұрақ – ол осы әрекеті үшін жазаға тартыла ма? Қазір Тәртіптік комитет бұл мәселе бойынша ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ жақын арада олар осы жағдайға байланысты нақты шешім жариялайды деп күтілуде.