Криштиану Роналду футбол тарихын қайта жазды

Редактор Penalty.kz
11.03.2025, 11:56

"Әл-Наср" және Португалия құрамасының 40 жастағы шабуылшысы Криштиану Роналду футбол тарихындағы жаңа белесті бағындырды. Ол 30 жасынан кейін 464 гол соғып, өз есімін тағы бір мәрте алтын әріптермен жазды. 

hsports.ndtv.com

Жалпы алғанда, Роналдуның кәсіби мансабындағы голдарының саны 927-ге жетті (30 жасқа дейін ол 463 рет қарсылас қақпасын дәл көздеген).

10 наурыз, дүйсенбі күні, Криштиану Роналду Иранның "Эстегляліне" қарсы өткен матчта (3:0) пенальтиден гол соғып, командасына жеңіс әкелді. Бұл кездесу 2024/2025 жылғы АФК Чемпиондар Лигасының 1/8 финалы аясында өтті.

Ойын барысында "Әл-Наср" сапынан Джон Дуран дубль авторы атанса, Криштиану Роналду пенальтиден есеп ашты.

Футбол тарихындағы ең үздік сұрмерген

927 голмен Криштиану Роналду ресми кездесулерде ең көп гол соққан футболшы атанды. Оның клубтық және ұлттық құрамалардағы нәтижелері таңғаларлық:

  • "Спортинг" – 5 гол
  • "Манчестер Юнайтед" – 145 гол
  • "Реал Мадрид" – 450 гол
  • "Ювентус" – 101 гол
  • "Әл-Наср" – 92 гол
  • Португалия ұлттық құрамасы – 134 гол

Роналду – футбол тарихындағы ең үздік сұрмерген ғана емес, сонымен қатар:

  • Ұлттық құрамалар арасындағы үздік сұрмерген
  • Еуропа чемпионатының үздік сұрмергені
  • УЕФА Чемпиондар Лигасындағы ең көп гол соққан ойыншы
  • Клубтық әлем чемпионаты тарихындағы үздік гол салушы