Penalty.kz назарларыңызға Қазақстан ұлттық құрамасының Түркиядағы оқу-жаттығу жиынынан бейнеролик ұсынады.
Қазақстан ұлттық құрамасы мен "Астана" клубының қорғаушысы Эльхан Астанов 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчтарына дайындық, жаңа бапкермен танысу және команданың тактикалық жұмысы туралы айтып берді.
"Дайындық жақсы өтіп жатыр, біз ұлттық құраманы сағындық. Ертерек жиналып, бір-бірімізбен үйлесімді ойнауға тырысып жатырмыз. Барлық ойыншылар бір ырғақта әрекет ету үшін күш салуда. Алдағы кездесулерде жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын.
Жаңа бапкермен танысып үлгердік, негізінен, біз оны бұрыннан білетінбіз. Қазір тактикаға ерекше көңіл бөліп, оқу-жаттығу процесін жалғастырудамыз.
Футболда әр қарсылас қауіпті, мейлі ол фаворит болсын, аутсайдер болсын. Бізді алда қиын екі ойын күтіп тұр, бірақ біз бұл кездесулерге дайынбыз. Барлығы сәтті өтеді деп сенемін."
22 наурыз күні Кардифф қаласында ӘЧ-2026 іріктеу кезеңіндегі алғашқы матч өтеді. Қазақстан құрамасы сырт алаңда Уэльспен кездеседі. Ойын жергілікті уақытпен сағат 19:45-те басталады (Қазақстан уақытымен 00:45-те).
Ойын “Кардифф Сити” стадионында өтеді. Қазақстандық жанкүйерлерге арнайы сектор бөлінгенін айта кетейік.
Билеттің бағасы: шамамен 25 000 теңге (40 фунт).