Ораза немесе футбол? Ұлттық құрама футболшылары таңдау жасады

Редактор Penalty.kz
17.03.2025, 19:19

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу матчтарында оразаны уақытша үзетін болды. 

kff.kz

Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындарына дайындық барысында қасиетті Рамазан айындағы оразасын уақытша тоқтатады. Бұл туралы Tengri Sport хабарлады. 

Матчтар Рамазан айына тұспа-тұс келді

Қазақстан құрамасы 22 наурызда Уэльспен, 25 наурызда Лихтенштейнмен кездеседі. Бұл ойындар қасиетті Рамазан айында өтетіндіктен, Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) ойыншылардың ауызашарына қатысты жауап берді. 

"УЕФА және ФИФА регламенттерінде матч кезінде ауызашар жасауға тікелей тыйым салатын немесе рұқсат ететін нақты ережелер қарастырылмаған.

Дегенмен, қажет болған жағдайда, аузы берік футболшылардың ауызашар өткізу мүмкіндігі туралы сұрақ алдын ала матч алдындағы жиында УЕФА өкілімен, төрешілермен және қарсылас команданың өкілдерімен талқылануы мүмкін.

Алайда, Қазақстан құрамасының ойыншылары ойын күндері өздерінің физикалық дайындығын сақтау үшін оразаны уақытша тоқтатады," – деп мәлімдеді ҚФФ.

Ораза уақыты мен матчтардың басталуы:

  • 22 наурыз: Уэльс – Қазақстан матчы Кардифф уақытымен 19:45-те басталады. Бұл кезде ауызашар уақыты 18:35-те болмақ.
  • 25 наурыз: Лихтенштейн – Қазақстан кездесуі Вадуц уақытымен 20:45-те өтеді. Бұл күні ифтар уақыты 18:48-де басталады.

Айта кетейік, матчтардың басталу уақыты ораза уақытымен шамалас болғандықтан, кейбір ойыншылар оразаны матч алдында немесе ойын кезінде аша алады.