Футболшыларға жалақы төленбеген! «Атырауда» біраз былықтың беті ашылды

Редактор Penalty.kz
19.03.2025, 15:15

Атырау облысының прокуратурасы клубтың қызметіне тексеру жүргізіп, бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. 

Offside.kz

Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Атырау» футбол клубының ойыншылары мен қызметкерлерінің жалақысына қатысты ресми жауап берді. Бұл туралы ЖаркoFF телеграм арнасы хабарлады. 

Бұған дейін «Атырау» ФК қызметкерлері облыс әкімі Серік Шәпкеновке видеоүндеу жолдаған еді. Олардың айтуынша, клуб ұжымы үш айдан бері жалақыларын ала алмай келеді.

ЖаркoFF хабарлауынша, Атырау облысының прокуратурасы клубтың 2022-2024 жылдар аралығындағы қызметіне тексеру жүргізіп, бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған:

Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану:

  • 2023 жылдың ақпанында шетелдік трансфер үшін 500 мың еуро бөлінген, оның 420 мың еуросы негізсіз Ресей азаматына аударылған.
  • Делдалмен келісімшарт мәміледен екі апта бұрын жасалған, бұл оның заңдылығына күмән тудырады.
  • 2024 жылдың желтоқсанында Қазақстан футбол федерациясынан алынған 65 млн теңгенің 20,4 млн теңгесі негізсіз есептен шығарылған, ал 30 млн теңге жеткізілмеген тауарлар үшін төленген.
Жанкүйерлер Фото: caspianlife.kz

Сенімгерлік басқару шартының бұзылуы:

  • 662,7 млн теңге пайдадан 132,5 млн теңге бюджетке аударылмаған.
  • Құрылтайшы алдында қаржылық есеп берудің жүйелі түрде болмауы.
  • Футболшылардың жалақысы белгіленген лимиттен асып кеткен (лимит 2 млн теңге болса, кейбір ойыншылар 3 млн теңге алған), ал бас бапкер 4 млн теңге жалақы алған.
  • «Судоремонтник» стадионы мен клуб автобусын жалға алу келісімшарттарынсыз заңсыз пайдалану.
  • Жабдықтардың бағасын асыра көрсету (мысалы, нарықтық құны 200-300 мың теңге тұратын кір жуғыш машинаның 1,8 млн теңгеге сатып алынуы).
  • Қаңтар айына 233 млн теңге көлемінде негізсіз есепшот ұсынылған (растайтын құжаттарсыз және шығындарды алдын ала келісусіз).

Қазіргі уақытта клубты мемлекеттік меншікке қайтару және ойыншылар мен қызметкерлердің жалақы мәселесін уақытында шешу бойынша шаралар қабылдануда.