1 ұпай біз үшін жақсы көрсеткіш - Ербол Қайыров Уэльске қарсы матч жайлы

Редактор Penalty.kz
21.03.2025, 21:00

22 наурыз күні Әли Әлиев шәкірттері Әлем Чемпионатына жолдама алу жорығын бастайды. 

kff.kz

Ертең футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы футболдан Әлем Чемпионатына жолдама алу жолын бастайды. Әли Әлиев шәкірттері алғашқы матчын Уэльске қарсы өткізеді. Осы ретте еліміздің танымал комментаторлары подкаст жазып, аталған кездесуге қатысты өз ойларымен және болжамдарымен бөлісті.

«Уэльс құрама командасы Солтүстік Ирландия мен Финляндияға қарағанда әлдеқайда мықты деп айт айтуға болады. Сондықтан да бізге өте қиын болады. Жанкүйерлердің көбі біз кем дегенде бір ұпай аламыз дейді. Кейбіреулер үш ұпай аламыз дейді. Егер де біз бір ұпай алсақ, біз үшін жақсы бір көрсеткіш болады», - деді Ербол Қайыров.

Өз кезегінде танымал журналист Айбек Қабылша бұл ойында сенсация тіркелетініне сенім білдірді.

«Кезінде Солтүстік Ирландияға да бардық. Белфостқа келген кезде де Солтүстік Ирландиядан қорықтық. Бірақ гол соғып, жеңіп кеткеніміз есімізде. Сол секілді сырт алаңда біз Финляндияны да жеңдік. Сол үшін Уэльсті ұтуға болады деп ойлаймын. Біздің құрама Уэльсті ұтып, бір сенсация жасайтын секілді. Сондай бір жақсы үміт бар».

Айта кетейік, жуырда бас бапкер Әли Әлиев Уэльске қарсы өтетін кездесудің мақсаттары мен дайындық деңгейі туралы айтқан еді. Оның сөзінше, ұлттық құрама барынша жақсы өнер көрсетуге тырысады.