ФИФА клубтар арасындағы әлем чемпионатының жүлде қорын жариялады

Редактор Penalty.kz
26.03.2025, 20:05

2025 жылы АҚШ-та өтетін клубтық әлем чемпионатының (FIFA Club World Cup) жүлде қоры белгілі болды.

uefa.com

ФИФА таратқан ресми мәлімет бойынша:

  • Турнир жеңімпазы — 125 миллион доллар табыс табады.
  • Жалпы жүлде қоры — 1 миллиард доллар болады және ол 32 клубтың арасында үлестіріледі.
  • ФИФА турнирден 250 миллион доллар көлемінде кіріс күтуде. Бұл қаражат кейін әлем бойынша клубтық футболды дамытуға жұмсалмақ.

Клубтық әлем чемпионаты алғаш рет жаңа форматта — 32 команда қатысуымен өтеді. Жарыс 2025 жылдың 15 маусымы мен 13 шілдесі аралығында АҚШ-та ұйымдастырылады.

6 құрлықтық конфедерациядан үздік клубтар бақ сынайды. Желтоқсан айында өткен жеребе нәтижесінде 8 топқа бөлінген командалар анықталған болатын.

Алайда кейіннен Мексиканың “Леон” клубы турнирден шеттетілді. Себебі оның иесі — КӘЧ-на қатысатын тағы бір мексикалық клуб “Пачукамен” бір тұлға болып шыққан. Бұл — ФИФА ережелеріне қайшы.