Швейцарияның Ньон қаласында футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалына арналған жеребе тарту рәсімі өтті.
Алматының «Қайраты» бельгиялық «Спортинг-Андерлехтпен» кездеседі, ал «Семей» командасына польшалық «Пяст Гливице» қарсылас атанды.
1/8 финалдың алғашқы ойындары 24 қарашада, ал қарымта матчтар 5 желтоқсанда өтеді.
Жеңімпаз атанған 8 команда ширек финалға жолдама алады. Ол ойындар 2026 жылдың 23 ақпаны мен 6 наурызы аралығында жоспарланған.
Финалдық кезең биылғы маусымның басты оқиғасына айналып, 8 және 10 мамыр күндері Италияның Пезаро қаласында өтпек.
Топтық кезеңде «Қайрат» өз тобында екінші орын алып, плей-оффқа жолдама иеленді.
Алматылық клуб Португалияның «Спортингімен», Косово елінің «Приштинасымен» және Хорватияның «Ново Вриеме» командасымен бір топта өнер көрсетіп, 6 ұпай жинады.
Ал «Семей» Испанияның «Пальмасымен», Францияның «Этуалесімен» және Чехияның «Хрудимімен» сынға түсті. Бұл топта семейліктер 3 ұпаймен үшінші орын иеленді.