Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша тағы алты адам түрлі деңгейде жарақат алған.
"Руанда туры" веложарысында жантүршігерлік жағдай тіркелді. Кортеж көлігі көрермендерді қағып кетті. Оқыс оқиғаға байланысты полиция тергеу бастады.
Оқиға жарыстың бірінші кезеңі өтіп жатқан сәтте, Габиро ауданы аумағында болды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, апат салдарынан екі адам көз жұмды. Тағы алты адам түрлі деңгейде жарақат алған.
Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын бақылауға алған.
Руанданың ұлттық полициясы жол апатының нақты себептерін анықтау үшін ресми тергеу жұмыстарын бастады. Қазіргі уақытта көліктің не себепті жолдан шығып кеткені нақтылануда.
Жарыс ұйымдастырушылары қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қауіпсіздік шараларын күшейтуге дайын екенін мәлімдеді.
"Руанда туры" – 1988 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Шығыс Африкадағы халықаралық көпкүндік веложарыс. Соңғы жылдары бұл дода Африка құрлығындағы ең маңызды жарыстардың біріне айналды және халықаралық күнтізбеге енгізілген.