Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада чемпионын ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады.
Ақордада XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшының тарихи жетістігін жоғары бағалап, оны "Қазақстанның алтын асығы" деп атады.
Президент жарлығымен Михаил Шайдоров ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен наградталды. Бұл марапат – ел спортына сіңірген ерекше еңбегі үшін берілетін жоғары мемлекеттік наградалардың бірі.
Сонымен қатар:
Салтанатты жиында сөз алған Михаил Шайдоров Мемлекет басшысына және қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бұл кездесуге Олимпиада чемпионы ретінде қатысу – мен үшін зор мәртебе. Алтын медаль – менің ғана емес, ата-анамның, бапкерлерімнің және мен үшін алаңдап, қолдау көрсеткен барша қазақстандықтың жеңісі. Бұл аянбай тер төгіп жұмыс істесең, жақын жандардың махаббаты мен сенімі болса, армандардың орындалатынын көрсетеді. Президент мырза, Сіздің қолдауыңыздың арқасында спортшылар үлкен жетістіктерге, жаңа тарихи рекордтарға қол жеткізіп жүр. Мен Олимпиада алтынымен шектелмеймін. Алдымда ұзақ жол бар. Елімнің сенімін ақтап, жас ұрпаққа үлгі болып, халқымыздың мерейін үстем еткім келеді. Рахмет Сізге! Сүйікті Отаныма, Қазақстаныма қызмет етемін", – деді Олимпиада чемпионы.
Михаил Шайдоровтың XXV Қысқы Олимпиада ойындарындағы алтыны – мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан тарихындағы ең ірі жетістіктердің бірі. Бұл табыс елдің қысқы спорттағы әлеуетін жаңа деңгейге көтерді.
Мемлекет басшысы спортшыларға көрсетілетін қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.