Жарнама
Жарнама
"Астана" жаңа бас бапкерін таныстырды
instagram.com/astanabasket/

"Астана" жаңа бас бапкерін таныстырды

Қазақстандық маман Антон Пономарёв "Астана" баскетбол клубының бас бапкері болып тағайындалды.

Пономарёв "Астананы" басқарады

Клубтың баспасөз қызметі жаңа маусымда команданы қазақстандық маман басқаратынын ресми түрде жариялады. Антон Пономарёв қазақстандық баскетболда ойыншы әрі жаттықтырушы ретінде мол тәжірибе жинаған мамандардың бірі. Ол өткен маусымда "Астана" бапкерлер штабының құрамында бас бапкердің ассистенті қызметін атқарды. Ал Ұлттық лиганың финалдық сериясында уақытша бас бапкер міндетін орындаған.

Бұған дейін Пономарёв "Астана-Жастар" командасын жаттықтырған. Сонымен қатар Қазақстанның ұлттық және жастар құрамаларының бапкерлер штабында бас бапкердің көмекшісі ретінде жұмыс істеген.

Ойыншы ретіндегі жолы

Антон Пономарёв кәсіби мансабын 2002 жылы "Астана жолбарыстары" командасында бастады. Елордалық клуб сапында бірнеше ұлттық титулды жеңіп алып, жетекші ойыншылардың біріне айналды.

Пономарёв  2010 жылы шетелге аттанып, Сербияның "FMP Белград" және Ресейдің "Спартак-Приморье" клубтарында өнер көрсетті. 2011 жылы Қазақстанға қайта оралып, сол кезде құрылған "Астана" баскетбол клубының алғашқы ойыншыларының бірі болды.

Пономарёв "Астана" сапында 2021 жылға дейін өнер көрсетті. Оның ойыншылық мансабында үзіліс болғанымен кейін командаға қайта оралды. 2013 және 2016 жылдары ВТБ Бірыңғай лигасының үздік қазақстандық ойыншысы атанды.

Клубта үлкен кадрлық өзгерістер болды

"Астананың" бұған дейінгі бас бапкері сербиялық Миодраг Райкович болатын. Ол командаға 2026 жылдың маусымында келген. Бірақ қыркүйекте клуб Райковичпен және бірден 11 баскетболшымен келісімшартты тоқтатқанын жариялады.

Бұл өзгерістердің алдында тамыз айында "Астана" қаржыландыруды оңтайландыруға байланысты 2026/2027 жылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасына қатыспайтынын ресми түрде хабарлаған еді. Сонымен елордалық клуб жаңа маусымға жаңартылған құраммен және Антон Пономарёвтың жетекшілігімен кіріспек.

Жарнама
Жарнама