Алматыда "Дикий Арман" лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиев сот үкімімен 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жұмагелдиевтің үстінен “Қаңтар оқиғасына» қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған болатын, атап айтқанда заңсыз қару алу, ұрлық және жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу. Тергеу оның ұрып-соғып, адамдарды күшпен ұстауға қатысы барын да дәлелдеді. Қылмыстық іс Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралды.
Іс бойынша айыпталушылар қатарында бұрынғы Мәслихат депутаты Қайрат Құдайберген, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Руслан Ысқақов та бар. Қайрат Құдайберген 8 жылға, ал Руслан Ысқақов 15,5 жылға сотталды. Барлығы 44 адамға сот үкімі шықты.
Айта кетейік, бұл қылмыстық іске қатысты сот отырыстары жабық түрде өткен болатын. Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне үкімді онлайн қадағалауға мүмкіндік берілді.