Ақмола облысының тумасы, атақты қазақстандық күш иесі Сергей Цырульников әлем рекордын жаңартып, Гиннесс рекордтар кітабына өз есімін кезекті мәрте жазды.
Бұл туралы ол Tengri Sport тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Гиннесс рекордтар кітабының ресми Instagram парақшасында қазақстандық спортшының рекордының видеодәлелі жарияланды. Сергей Цырульников бар болғаны бір минут ішінде өзінің өкпе күшімен 9 грелканы жарып жіберді. Бұл көрсеткіш бұған дейінгі рекордтан (5 грелка) айтарлықтай асып түсті.
Сергейдің айтуынша, бұл рекордқа қол жеткізу оңай болмаған. Ол пайдаланылған грелкалардың еуропалық үлгіде жасалғанын, олардың біздің елде кең таралған түрлерінен әлдеқайда қалың әрі берік екенін атап өтті.
"Мен жақында Италиядан, Милан қаласынан оралдым. Сол жерде кезекті Гиннесс рекордын орнатып, сертификат алдым. Бұл рекордты Кітаптың негізін қалаушылардың өздері қабылдады, арнайы бес адамнан тұратын комиссия болды. Грелкаларға қатысты бір нәрсені нақтылап өткім келеді. Мен бұған дейін де грелкаларды жарып, Қазақстан мен Ресей бойынша рекордтар орнатқанмын. Бірақ бұл жолғы ерекшелік – грелкалардың еуропалық стандартқа сай болуы. Олар біздегі грелкалардан мүлде өзгеше. Менің ойымша, қарапайым адамның мұндай грелканы жарып жіберуі мүмкін емес. Оның материалы әлдеқайда қалың, құрылымы өте тығыз әрі қатты", – деді Сергей.