Сауль "Канело" Альварес – кәсіпқой бокстың алғашқы миллиардері атанбақ

Редактор Penalty.kz
08.05.2025, 05:48

Мексикалық супержұлдыз Сауль Альварес қаржылық табысы арқылы кәсіпқой бокс тарихында жаңа белеске шыққалы отыр. Оның менеджері Ричард Шефердің айтуынша, "Канело" алдағы жылы алғашқы миллиардер-боксшы атануы мүмкін.

soccer-club.ru

Миллиардқа апарар жол: Канелоның жоспары

34 жастағы Сауль Альварес биыл Riyadh Season жобасы аясында төрт жекпе-жекке келісімшартқа қол қойған. Оның алғашқысы 3 мамырда Уильям Скуллға қарсы өтті. Енді кезекті аса маңызды айқас 12 қыркүйекке жоспарланған. Қарсыласы Теренс Кроуфорд. Бұл жекпе-жек жылдың басты оқиғаларының бірі болмақ.

Канелоның менеджері әрі бизнес-серіктесі Ричард Шефер былай дейді:

"Альварес – мен кезіккен ең ақылды спортшы-бизнесмен. Біз оның миллиард доллар табыс шегінен асуына көмектесеміз. Бұл – сөзсіз. Қашан? Бәлкім келесі жылы-ақ". 

Ричард Шефер. ФОТО: vesti.kz

Forbes есебі және Канелоның карьералық табысы

Forbes мәліметі бойынша, Альварес кәсіпқой рингте 600 миллион доллардан астам табыс тапқан. Бұған жарнамалық келісімдер, PPV (pay-per-view) жүйесі арқылы түскен табыстар және демеушілер де кіреді.

Бокс әлемінде "Канело" тек чемпиондық белбеулермен емес, өзінің бизнес-ойлау қабілетімен де ерекшеленеді. Ол жекпе-жектерді таңдаудағы стратегиясынан бастап, әрбір келісімшарттың қаржылық тиімділігіне дейін барлығын есеппен жүргізеді.

Менеджер Шефермен ұзақ жылғы байланыс

Ричард Шефер – бұрынғы Golden Boy промоутерлік компаниясының басшысы. Ол "Канелоны" 17 жасынан бастап біледі. Бокс әлемінен біраз уақытқа алыстаған Шефер Альварестің ұсынысынан кейін қайта оралды:

"Мен бокс саласын артқа қалдырғам. Бірақ Канело хабарласып, қайта бірге жұмыс істеуді ұсынды. Біз тек жекпе-жектермен емес, барлық бизнес жобалармен айналысамыз. Ол менің досым және мен оған көмектесуге қуаныштымын".