Шавкаттың жаңа қарсыласы ма? UFC файтері айқас болатынын меңзеді

Бас редактор
Бүгін, 11:35

UFC-дің жартылай орта салмағында өнер көрсететін эквадорлық файтер Майкл Моралес қазақстандық Шавкат Рахмоновпен жекпе-жек өткізетінін меңзеді. Ол әлеуметтік желіде "Номадтың" соңғы айқасын қарап отырған видеосын жариялады.

Offside.kz

UFC-де бірде-бір рет жеңілмеген Майкл Моралес жартылай орта салмақтағы басты қарсыластардың бірі — Шавкат Рахмоновқа қатысты жазба жариялады. Ол жанкүйерлер арасында қызу талқыға түсті. 

Әлеуметтік желіде тараған кадрларда Майкл Моралес Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иэн Мачадо Гэрри арасындағы жекпе-жекті көріп отыр.

Видео барысында ол экрандағы қазақстандық файтердің тегін жақындатып көрсетеді. Кейін камераны өзіне бұрады. Бұл әрекет Моралестің Рахмоновпен айқас өткізетінін меңзегендей болды. 

Моралес UFC рейтингінде үшінші орында тұр

Майкл Моралес қазіргі уақытта UFC-дің жартылай орта салмақтағы ресми рейтингінде үшінші орында тұр.

Эквадорлық файтердің кәсіби рекорды — 19 жеңіс және бірде-бір жеңіліс жоқ. Оның 14-і нокаутпен аяқталған. UFC-де Моралес жеті жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті.

Моралес соңғы жекпе-жегін 2025 жылғы 15 қарашада Нью-Йоркте өткен UFC 322 турнирінде өткізді.

Оның қарсыласы дивизиондағы мықты спортшылардың бірі Шон Брэди болды. Эквадорлық файтер америкалық қарсыласын бірінші раундта соққылармен тоқтатты. Жекпе-жек 3 минут 27 секундта аяқталды.

Осы жеңістен кейін Моралес чемпиондық белбеуге басты үміткерлердің қатарына қосылды.

Рахмонов та жеңіліп көрмеген

Шавкат Рахмонов та кәсіби мансабында жеңіліссіз келеді. Қазақстандық файтердің рекорды — 19 жеңіс және 0 жеңіліс.

Соңғы рет Рахмонов 2024 жылғы 7 желтоқсанда UFC 310 турнирінде октагонға шықты. Ол Иэн Мачадо Гэрримен бес раундтық айқас өткізіп, төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті.

Бұл жекпе-жек "Номадтың" мансабында алғаш рет мерзімінен бұрын аяқталмаған кездесу болды.

Қазіргі уақытта Шавкат Рахмонов тізесіне жасалған қайталама операциядан кейін қалпына келу кезеңінен өтіп жатыр. Дегенмен, отандасымыздың UFC октагонына нақты қашан оралатыны әзірге белгісіз. 

Реклама
Реклама