Жарнама
Жарнама

51 жастағы ұстаз Көшпенділер ойындарында алтын алып, көзіне жас алды

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Аяш Қабдоллаева Қырғызстандағы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан чемпион атанды.

51 жастағы ұстаз Көшпенділер ойындарында алтын алып, көзіне жас алды
instagram/@ulttyqatsport.kz

Жеңісін ерекше эмоциямен қарсы алды

51 жастағы қазақстандық спортшы жарыста үздік нәтиже көрсетіп, ұлттық құраманың қоржынына алтын медаль салды. Жеңімпаздар есімі жарияланған сәтте Аяш Қабдоллаева толқынысын жасыра алмай, көзіне жас алды.

Оның марапаттау рәсіміндегі әсерлі сәті әлеуметтік желіде жарияланды.

Спортқа ересек шағында келген

Аяш Қабдоллаева кәсіби деңгейдегі спортпен ересек кезінде айналыса бастаған. Соған қарамастан дәстүрлі садақ атуда елеулі жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді.

Қазақстандық мерген 2025 жылы Оңтүстік Кореяда дәстүрлі садақ атудан әлем кубогында да чемпион атанған.

Спорттағы табысымен қатар, Аяш Қабдоллаева білім беру саласында еңбек етеді. Оның педагогикалық өтілі — 30 жыл.

Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде қатысушылар ұлттық және этникалық спорт түрлері бойынша сынға түсуде.

Жарнама
Жарнама