"Маған бәрі болады": Өзбекстандық боксшы қазақстандыққа сыйақысын беруден айнып, дау шығарды
Ташкенттегі бокс кешінде ол қазақстандық Дастан Бекенді жеңген болатын. Алайда жекпе-жек алдында берген уәдесін орындамады.
Өзбекстандық боксшы Шохжахон Эргашев Ташкентте өткен IBA Nomad 16 турнирінен кейін даудың ортасында қалды. Ол қазақстандық Дастан Бекенді төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңген болатын. Алайда жекпе-жек алдында берген уәдесін орындамай сынға ұшырады.
Дәлірек айтқанда, кездесуге дейін Эргашев қарсыласын нокаутқа түсіре алмаса, өз сыйақысын Бекенге беретінін мәлімдеген болатын. Бірақ жекпе-жек толық қашықтыққа созылып, өзбекстандық боксшы тек төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Айқастан кейін берген уәдесіне қатысты сұрақ та қойылды.
"Сыйақыға қатысты кейін сөйлестік және бұл мәселені жаптық. Nomad лигасымен сөйлестім. Біздің гонорарларымыздың айырмашылығы өте үлкен болды. Менің гонорарым 15, бәлкім 20 есе көп! Айқайлай беріңдер! Мен бас әріппен жазылатын адаммын, маған бәрі болады!" – деді Эргашев.
Көрермендер наразылығы
Боксшының жауабы залдағы көрермендердің бір бөлігінің наразылығын туғызды.
Аудитория реакциясына қарағанда, оның түсіндірмесі көпшілікті қанағаттандырмаған. Ал өзінің мәртебесі туралы айтқан сөзі дауды одан әрі күшейтті.