Қазақстандық файтер АҚШ чемпионын бір соққымен сұлатты
Бақтияр Несіпбек жекпе-жекке шығатын небәрі екі күн қалғанда білді. Ол UFC-дің бұрынғы файтері Бекзат Алмаханды алмастырды.
Жекпе-жекке екі күн қалғанда қарсылас ауысты
Бақтияр Несіпбек Тбилисиде RKENA және PFL бірлескен турнирінде жарқын жеңіске жетті. Ол америкалық Fury FC лигасының чемпионы Абдул Камараны екінші раундта нокаутқа түсірді.
Несіпбек бұл кездесуге қысқа мерзімде дайындалып шықты. Ол жекпе-жекке небәрі екі күн қалғанда денсаулығына байланысты турнирден бас тартқан UFC-дің бұрынғы файтері Бекзат Алмаханның орнын басты. Соған қарамастан жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.
Айқастың тағдыры екінші раундта шешілді. Несіпбек жойқын соққысымен америкалықты құлатты.
Жекпе-жекті Илия Топурия тамашалады
Бақтияр Несіпбектің әсерлі жеңісін UFC-дің бұрынғы чемпионы Илия Топурия да залдан тамашалады. Испания атынан өнер көрсететін грузиялық текті файтер турнирге құрметті қонақ ретінде қатысты.