Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

"Қазақтың Сехудосы" Дмитрий Биволдың промоушенімен келісімшарт жасасты

Қазақстандық ММА файтері Дамир Төленов мансабындағы маңызды қадамға барды. "Қазақ Сехудосы" лақап атымен танылған файтер ресейлік RCC промоушенімен келісімшартқа отырды.

"Қазақтың Сехудосы" Дмитрий Биволдың промоушенімен келісімшарт жасасты
instagram.com/damir.tb/

Жаңа ұйымдағы алғашқы жекпе-жегіне дайындалады

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Дамир Төленов (12-1) енді RCC ұйымының турнирлерінде өнер көрсетеді. Бұл туралы промоушеннің баспасөз қызметі Instagram желісіндегі ресми парақшасында мәлімдеді.

"Қазақстандық үздік файтеріміз Дамир Төленов RCC ұйымымен келісімшартқа қол қойды. Жақын арада Екатеринбургте дебют жасайды", – делінген ұйым хабарламасында.

Әзірге қазақстандықтың жаңа ұйымдағы алғашқы қарсыласы мен жекпе-жек өтетін нақты күні жарияланған жоқ.

Биволмен қандай байланысы бар?

RCC – Ресейдегі жекпе-жек турнирлерін ұйымдастыратын танымал промоушендердің бірі. Аталған ұйым кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Дмитрий Бивол қатысқан бокс кештерін де ұйымдастырған.

Енді осы ұйыммен келісімшартқа отырған Дамир Төленов халықаралық деңгейдегі мансабын жалғастыруға мүмкіндік алды. Айта кетейік, қазақстандық файтер бұған дейін OCTAGON лигасының аса жеңіл салмақтағы чемпионы атанған.

"Қазақ Сехудосы" соңғы рет 2025 жылдың 29 қазанында Астанада OCTAGON 80 мерейтойлық турнирінде октагонға шыққан. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өткен жарыста оның қарсыласы бразилиялық Кайк Аленкар болды.

Негізгі кард аясындағы кездесуде қазақстандық файтер айқын басымдық танытты. Төленов бірінші раундта қарсыласын "үшбұрыш" әдісімен қылқындыру тәсіліне түсіріп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Осылайша кәсіби мансабында 12 жеңіс пен бір жеңілісі бар файтер енді RCC ұйымындағы алғашқы кездесуін өткізуді жоспарлап отыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?