Жеңіліске бір табан қалған қазақ боксшы әлем чемпионатында жеңіске жетті
Данияр Ақбисенов Черногорияда өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында алғашқы кездесуін жеңіспен аяқтады.
Грузиялық боксшымен кездесті
Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан бокстан U19 әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының өкілі Данияр Ақбисенов жарысты сәтті бастады. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін отандасымыз 1/16 финалда грузиялық Сандро Капанадземен қолғап түйістірді.
Жекпе-жек тартысты өтті. Алғашқы раундта Ақбисенов белсенді қимылдап, қарсыласына қарағанда басымдық танытты. Нәтижесінде бес төрешінің барлығы бірінші үшминуттықты қазақстандықтың пайдасына бағалады.
Жеңімпаз соңғы раундта анықталды
Екінші раундта жекпе-жек барысы өзгерді. Грузиялық Сандро Капанадзе қарқынын арттырып, кездесудегі бастаманы өз қолына алды. Бұл жолы төрешілердің төртеуі грузиялық боксшыға басымдық берсе, біреуі Данияр Ақбисеновтің өнерін жоғары бағалады. Осылайша шешуші үшінші раундта екі боксшы да жеңіске жету үшін бар күшін салды.
Қазақстандық боксшы соңғы үшминуттықта белсенділігін арттырып, маңызды сәттерде дәл соққыларымен көзге түсті. Нәтижесінде Данияр Ақбисенов Капанадзені төрешілердің екіге бөлінген шешімімен 3:2 есебімен жеңді. Бұл жеңіс отандасымызға әлем чемпионатының 1/8 финалына жолдама берді.
Еске салайық, 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем біріншілігі Черногорияның Будва қаласында 15–27 қазан аралығында өтеді. Байрақты бәсекеге әлемнің 80 елінен 500-ден астам боксшы қатысуда.