Мейірім Нұрсұлтанов кейінге қалды: Әлем чемпионына жаңа қарсылас табылды
Карлос Адамес Zuffa Boxing лигасындағы алғашқы жекпе-жегін 14 қарашада өткізеді.
WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Карлос Адамес (25-1-1, 18 КО) Zuffa Boxing лигасындағы алғашқы жекпе-жегін 14 қарашада өткізеді.
Журналист Дэн Рафаэльдің мәліметінше, доминикандық боксшы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында британдық Джером Варбуртонмен (18-2-2, 2 КО) кездеседі.
Жекпе-жек титулдық болмайды
Адамес – Варбуртон айқасы бокс кешінің басты жекпе-жегі болады.
Дэн Рафаэльдің хабарлауынша, кездесу орта салмақ лимитінен жоғары салмақта өтеді. Сондықтан Карлос Адаместің WBC чемпиондық белбеуі бұл жекпе-жекте сарапқа салынбайды.
Алғашқы жоспар бойынша Карлос Адамес WBC белбеуін қазақстандық міндетті үміткер Мейірім Нұрсұлтановқа (20-0, 11 КО) қарсы қорғауы керек болған. Алайда доминикандық боксшы Zuffa Boxing ұйымымен келісімшартқа қол қойып, WBC-ден міндетті титулдық қорғауды кейінге шегеруге рұқсат сұрады. Ұйым бұл өтінішті қанағаттандырды.
Адамес жеңсе, Нұрсұлтановпен кездесуі керек
WBC шешіміне сәйкес, Карлос Адамес 14 қарашадағы жекпе-жекте жеңіске жетсе, келесі кездесуін міндетті үміткер Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы өткізуі тиіс.
Ал егер Адамес Джером Варбуртоннан жеңілсе, оның WBC чемпионы атағы бос деп жарияланады.
Осылайша, қазақстандық боксшының әлем чемпионы атағына таласу мүмкіндігі Адаместің Zuffa Boxing-дегі дебюттік жекпе-жегінің нәтижесіне тікелей байланысты.