Бокстан Өзбекстан құрамасы қазақстандық бапкерлерге ерекше құрмет көрсетті
Өзбекстандық жаттықтырушылар Қазақстаннан келген әріптестеріне арнайы дастарқан жайып, ерекше қонақжайлық танытты.
Бапкерлер палау дайындады
Өзбекстан құрамасының аға жаттықтырушысы Акмаль Хасанов Instagram парақшасында қазақстандық мамандармен бірге өткізген кешкі астың бейнежазбасын жариялады. Видеодан өзбекстандық бапкерлердің қазақстандық әріптестеріне арнап мерекелік дастарқан әзірлегенін көруге болады.
Атап айтқанда, қонақтарға Әндіжан өңіріне тән дәстүрлі палау ұсынылған. Тағам арнайы девзира күрішінен дайындалған.
Акмаль Хасанов бірлескен жаттығудан кейін екі елдің мамандары көтеріңкі көңіл күймен бас қосқанын жеткізді.
"Қазақстандық бапкерлер алғаш рет дәм татпақ"
Өзбекстан құрамасының жаттықтырушысы әлеуметтік желіде жариялаған видеосында қазақстандық қонақтарға жылы лебізін білдірді.
"Ассалаумағалейкум! Бапкерлермен бірге жаттығуымызды аяқтадық. Көңіл күйіміз тамаша. Батыр ағамыз Әндіжанның девзира күрішінен ерекше палау дайындады. Міне, өздеріңіз көріңіздер. Қазақстаннан келген қонақтарымыз, бапкерлер де осы палаудан дәм татып, бағасын береді деп сенемін. Олар девзира күрішінен жасалған палауды алғаш рет жеп көрмек", – деді Хасанов.
Ол сондай-ақ бірлескен оқу-жаттығу жиыны ойдағыдай өткенін атап, екі елдің боксшыларына сәттілік тіледі.
"Бапкерлермен және жақындарымызбен бірге жаттығу жиынын жақсы өткізіп жатырмыз. Шәкірттеріміз әлемнің ең мықты боксшылары атансын. Баршаңызға амандық тілеймін", – деп толықтырды өзбекстандық маман.
Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары бірлескен жаттығу өткізді
Еске салайық, 5–18 қазан аралығында Қазақстан мен Өзбекстан боксшыларының қатысуымен 14 күндік бірлескен оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Дайындық жұмыстары Ташкент қаласында және Янгиабадтағы биік таулы спорт базасында өтті.
Қазақстандық былғары қолғап шеберлері үшін бұл жиын 2026 жылғы ел чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі болды. Биыл бокстан Қазақстан чемпионаты Таразда өтеді.