Елена Рыбакина Қытайда ерекше образымен көпшілікті таңғалдырды
Қазақстанның бірінші ракеткасы Қытайдың Нинбо қаласында ұлттық нақыштағы киім киіп, ерекше бейнежазба жариялады.
Қытайдың дәстүрлі киімін киіп көрді
Қазақстандық теннис жұлдызы Елена Рыбакина Қытайда жүрген сапарынан ерекше бейнежазбаны бөлісті. Ол Instagram желісіндегі жеке парақшасында жергілікті мәдениетке тән дәстүрлі киіммен түскен видеосын жариялады. Бейнежазбада Рыбакина Қытай халқының ұлттық нақышындағы образымен көпшілік алдына шыққан.
Теннисші жарияланымына Нинбо қаласында орналасқан әйгілі Дунцянь көлінің атауын жазған.
"Дунцянь көлі", – деп қысқаша жазды қазақстандық теннисші.
Рыбакина WTA 500 турниріне қатысады
Елена Рыбакина қазіргі уақытта Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы халықаралық теннис турниріне қатысу үшін келген. Жарыс 19–25 қазан аралығында ұйымдастырылады.
Қазақстандық теннисші турнирдің бірінші нөмірлі спортшысы ретінде тіркеліп, жарысты бірден екінші айналымнан бастайды.
Айта кетейік, Елена Рыбакина Нинбодағы турнирдің қазіргі чемпионы саналады. Ол былтыр финалда ресейлік Екатерина Александровадан басым түскен.