Бублик ATP рейтингінде үздік 20 теннисшінің қатарына қайта оралды
Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) әлемдік рейтингтің жаңартылған нұсқасын жариялады.
Қазақстанның бірінші ракеткасы жаңартылған тізімде үш сатыға көтеріліп, 19-орынға жайғасты. Шанхайда өткен турнирде Бублик 1/8 финалға дейін жетіп, осы кезеңде германиялық Александр Зверевке есе жіберген еді.
Жаңартылған рейтингте Александр Шевченко да үш саты жоғарылап, 108-орында тұр.
Дереккөз: atptour.com
Әлемдік рейтингтің көшін италиялық Янник Синнер бастап тұр. Екінші орында германиялық Александр Зверев болса, үздік үштікті испаниялық Карлос Алькарас түйіндейді.
Еске салсақ, қазақстандық теннисшілер Александр Бублик, Тимофей Скатов, Михаил Кукушкин және Заңғар Нұрланұлы 17-25 қазан аралығында Almaty Open турнирінде бақ сынайды. Алматыда өтіп жатқан халықаралық турнирдің жалпы жүлде қоры 1 миллион доллардан асады.
Жекелей сындағы жарыстың жеңімпазы 163 570 доллар сыйақы алады. Финалға шыққан теннисші 95 400 доллар иеленсе, жартылай финалға дейін жеткен ойыншылардың әрқайсысына 56 085 доллардан беріледі. Қаржылай сыйақыдан бөлек, турнир жеңімпазы әлемдік рейтингіне 250 ұпайға қоса алады.