Юлия Путинцева Қытайдағы WTA турнирін жеңіспен бастады
Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің іріктеу кезеңінде алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Әлемдік рейтингте 79-орында тұрған отандасымыз жарыстың негізгі кезеңіне жолдама алуға жақындай түсті. Іріктеу кезеңінің жартылай финалында Путинцева Қытай теннисшісі 17 жастағы Цюй Иханьмен кездесті.
Қазақстандық ракетка қарсыласын 6:1, 7:6 есебімен жеңді. Кездесу 1 сағат 46 минутқа созылды.
Енді Путинцева негізгі кезеңге шығу үшін америкалық Алисия Паркс пен бельгиялық Желин Вандромм арасындағы матчтың жеңімпазымен ойнайды.
Нинбодағы турнирдің негізгі кезеңіндегі кездесулер 19 қазанда басталады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 1 206 446 доллар.
Бұл туралы не ойлайсыз?