Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Батумидегі тәртіпсіздік: Грузия мен Түркия оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады

Стадиондағы қақтығыс кесірінен кездесу 26-минутта шамамен 30 минутқа тоқтатылған болатын. 

Батумидегі тәртіпсіздік: Грузия мен Түркия оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады
inform.kz

Грузияның Батуми қаласында "Бешикташ" жанкүйерлері мен полиция арасындағы қақтығыстан кейін 16 адам ұсталды. Үш полиция қызметкері зардап шеккен.

Грузия ІІМ оқиғаның қалай басталғанын түсіндірді

Грузия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жанжал "Бешикташ" жанкүйерлері Еуропа алаңынан стадионға қарай шерумен келе жатқан кезде басталған.

Ведомствоның нұсқасы бойынша, кейбір жанкүйер полиция қызметкерлеріне тіл тигізіп, түрлі заттар лақтырған және құқық қорғаушылардың талаптарына бағынбаған. Олар инфрақұрылым нысандарын, соның ішінде көрермендерге арналған орындықтарды бүлдірген. Осыған байланысты құқық қорғау органдары тәртіпті қалпына келтіру үшін арнайы құралдар қолданған.

Грузия ІІМ кейбір шетелдік БАҚ-та тараған, полиция күш қолдануды Палестинаны қолдайтын тулар мен баннерлерге байланысты бастады деген ақпаратты жоққа шығарды.

"Грузия аумағында жүрген барлық адам ел заңдарын сақтауға міндетті", – деп мәлімдеді министрлік.

"Бешикташ" полицияны "шамадан тыс күш қолданды" деп айыптады

Ыстамбұл клубы оқиғадан кейін арнайы мәлімдеме таратып, грузин құқық қорғаушыларының әрекетін сынға алды.

"Бешикташ" өкілдері жанкүйерлердің стадионға кіруіне кедергілер болғанын, содан кейін клуб УЕФА делегатымен байланысқанын хабарлады.

"Бешикташ" полицияны "шамадан тыс күш қолданды" деп айыптады
Фото: inform.kz

Сонымен қатар "Бешикташ" жағдайға байланысты Түркияның Батумидегі бас консулдығына және УЕФА-ға жүгінген. Клуб мәлімдемесінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның "Бешикташ" президенті Сердал Адалыға телефон шалғаны да айтылды.

"Ол жағдайды мұқият бақылап отырғанын айтып, клуб пен жанкүйерлерге қолдау білдірді", – делінген мәлімдемеде.

Оқиға дипломатиялық деңгейде талқыланды

Қақтығыстан кейін Түркия мен Грузияның ішкі істер министрлері Мустафа Чифтчи мен Сулхан Тамазашвили телефон арқылы сөйлесті. Сондай-ақ екі елдің сыртқы істер министрлері Хакан Фидан мен Мака Бочоришвили де болған жағдайды талқылады.

Anadolu агенттігінің мәліметінше, Түркия тарапы жанкүйерлерге шамадан тыс күш қолданылды деп наразылық білдіріп, олардың елге қауіпсіз оралуын қамтамасыз етуді сұраған.

Грузия ІІМ басшысы өз кезегінде стадионға орынбасарын жібергенін айтып, тәртіпті бақылау үшін тек қажетті деңгейдегі күш қолданылғанын мәлімдеген.

Матч 30 минутқа тоқтатылды

Жанжалға байланысты кездесу 26-минутта шамамен 30 минутқа тоқтатылды. Ойын кейін қайта жалғасып, "Бешикташ" 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Batumelebi басылымының мәліметінше, Ыстамбұл клубын қолдау үшін Батумиге Түркиядан шамамен 15 мың жанкүйер келген.

Бұл туралы не ойлайсыз?