Александр Овечкин ҰХЛ-де антирекорд орнатты
Овечкин соңғы рет 11 қазанда "Сиэтл Кракенге" қарсы ойында шайба соққан болатын.
"Вашингтон Кэпиталз" капитаны Александр Овечкин ҰХЛ-дегі (НХЛ) голсыз сериясын 17 матчқа дейін ұзартып, жеке антирекорд орнатты. 41 жастағы ресейлік шабуылшы "Филадельфия Флайерзге" қарсы өткен матчта да шайба соға алмады. Кездесу "Вашингтонның" 7:3 есебіндегі ірі жеңісімен аяқталды.
Овечкин соңғы рет 11 қазанда "Сиэтл Кракенге" қарсы ойында шайба соққан. Сол матч "Вашингтонның" 3:5 есебіндегі жеңілісімен аяқталған еді. Содан бері ресейлік форвард 17 ойын қатарынан гол соға алмай жүр.
Бұл – Овечкиннің НХЛ-дегі мансабындағы ең ұзақ голсыз серия. Бұған дейін оның ең нашар көрсеткіші 2023/24 маусымындағы 14 матч болған.
Маусымдағы көрсеткіші
Овечкин биылғы маусымда әзірге 7 ұпай жинаған.
Оның еншісінде:
- 1 гол;
- 6 нәтижелі пас бар.
Гретцкиге жақындап келеді
Овечкин НХЛ-дің тұрақты чемпионаттарында мансабы бойынша 930 шайба соғып, 764 нәтижелі пас берген. Ал Стэнли кубогының плей-офф матчтарын қоса есептегенде, ол лига тарихындағы үздік сұрмергендер тізімінде екінші орында тұр.
Овечкиннің жалпы көрсеткіші – 1007 гол. Ал көш басындағы Уэйн Гретцкидің еншісінде 1016 шайба бар.
Айта кетейік, бұған дейін 2026/27 маусымы Александр Овечкиннің ҰХЛ-дегі соңғы маусымы болуы мүмкін екені хабарланған еді.