37 жастағы футболшы "Реалға" қарсы матчта тарихқа енді
Мадридте өткен кездесу алаң иелерінің 5:1 есебімен жеңісімен аяқталды.
ПСВ клубының хорватиялық жартылай қорғаушысы Иван Перишич УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі бесінші турда мадридтік "Реалға" қарсы матчта бірден екі рекорд орнатты.
Мадридте өткен кездесу алаң иелерінің 5:1 есебімен жеңісімен аяқталды. Алайда матчтағы алғашқы голды дәл Перишич соқты.
Перишич пенальтиден есеп ашты
37 жастағы футболшы кездесудің 32-минутында пенальтиді дәл орындап, ПСВ-ны алға шығарды.
OptaJose статистикалық порталының мәліметінше, сол сәтте Перишичтің жасы 37 жыл 295 күн болған. Осының арқасында ол Чемпиондар лигасы тарихында пенальтиден гол соққан ең егде жастағы футболшы атанды.
Перишич бұдан бөлек тағы бір тарихи көрсеткішке қол жеткізді. Хорватиялық жартылай қорғаушы Чемпиондар лигасы тарихында мадридтік "Реалдың" қақпасына гол соққан ең жасы үлкен футболшы атанды. Осылайша, ПСВ матчта ірі есеппен жеңілсе де, Перишичтің голы турнир тарихындағы ерекше статистикалық оқиғамен есте қалды.
"Реал" көш бастап тұр
Бұл жеңістен кейін "Реал" жалпы кезеңде 15 ұпай жинап, Чемпиондар лигасының кестесінде бірінші орынға шықты. Ал ПСВ 4 ұпаймен 28-орында тұр.
Келесі турда "Реал" сырт алаңда лондондық "Арсеналмен" кездеседі. Ал ПСВ өз алаңында мадридтік "Атлетиконы" қабылдайды.
Екі матч та 9 желтоқсанда өтеді.