"Қорқатын ештеңе жоқ": Нұрдәулетов Қазақстан құрамасын басқаруға дайын
Талдықорғандық "Жетісудың" бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов мүмкіндік берілсе, жауапкершілікті мойнына алуға ниетті екенін айтты.
"Әлі ерте деп айтудан шаршадым"
Нұрдәулетов "Соққы және гол" арнасындағы подкастта ұлттық құрамадағы жұмысқа қатысты пікірін білдірді. Бапкердің айтуынша, өзін бұл қызметке дайын емеспін деп шектейтін уақыт өткен.
"Қазір ұлттық құраманың бас бапкері болуға дайынмын. Қорқатын ештеңе жоқ. Жасым 45-ке келді. "Әлі ерте, әлі жетілгенім жоқ, ананы көрмедім, мынаны көрмедім" деп айтудан шаршадым".
Сонымен бірге маман Қазақстан футбол федерациясынан бас бапкерлікке ұсыныс түспегенін нақтылады.
Әли Әлиевтің ұсынысынан неге бас тартты?
Нұрдәулетов бұған дейін ұлттық құраманың бапкерлер штабына шақырылған. Бірақ әңгіме команданы басқару емес, бас бапкердің көмекшісі болу туралы болған.
"Әли Әлиев бас бапкер болып тұрған кезде телефон соғып: "Көмекші болып келесің бе?" — деп ұсыныс жасады. Одан кейін ешкім хабарласқан жоқ. Бас бапкер болу туралы ҚФФ-дан ұсыныс түспеді. Тек көмекшілік қызмет ұсынды, мен бас тарттым".
Маман бұрын ұлттық құраманы тәжірибелі, жасы үлкен бапкерлер жаттықтырып, жас мамандар олардың жанында көмекші болуы керек деген ұстанымда болғанын да жасырмады.
"Құрамадағы жігіттердің деңгейін білемін"
Нұрдәулетов жастар құрамасындағы тәжірибесі ұлттық командада жұмыс істеуге көмектеседі деп есептейді. Оның айтуынша, қазіргі құрамдағы футболшылар кезінде өз қол астында ойнаған.
"Ұлттық құраманы басқару — кез келген бапкердің арманы. Сол мүмкіндікке жетемін бе, жоқ па — білмеймін. Егер мүмкіндік берсе, жұмыс істеу керек. Командадағы жігіттердің бәрін білемін: кезінде жастар құрамасында менің жетекшілігіммен ойнады. Олардың деңгейін де, қалай сөйлесу керегін де білемін".
Бапкер ұлттық құрамадағы қызмет беделіне нұқсан келтіреді деп қауіптенбейтінін айтты. Ол мұндай жұмысты кәсіби жолындағы маңызды тәжірибе ретінде қабылдайды.
Қандай жалақыға келіседі?
Қаржылық талаптарға тоқталған Нұрдәулетов ұлттық құрамада тегін жұмыс істеймін деп уәде бере алмайтынын жеткізді. Дегенмен еуропалық мамандар алатын көлемде жалақы сұрауға ниетті емес.
"Біз аузымызға алтын қасық салып туған жоқпыз. Артымызда бала-шағамыз, отбасымыз бар. Әрине, Еуропадан келетін бапкерлер секілді көп сұрамаймыз. Күнкөріске жететін, шамамен қазіргі "Жетісудағыдай" жалақы болса жеткілікті. Әр адамның еңбегі бағалануы керек".
Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметі Джон ван ’т Шкип кеткеннен кейін бос қалған. Ол ұлттық команданы Ұлттар лигасында жаттықтырды. Қазір ҚФФ жаңа бапкер іздеп жатыр.
Ал Қайрат Нұрдәулетов өткен маусымда талдықорғандық "Жетісуды" басқарды. Оның клубпен келісімшарты қараша айының соңында аяқталады.