"Қазақ Тайсоны" Жәнібек Әлімханұлын чемпиондық айқасқа дайындап жүр
Жастар арасында екі дүркін Азия чемпионы Аман Қонысбеков Жәнібек Әлімханұлының спарринг серіктесі атанды.
Қонысбеков Әлімханұлымен түскен суреттерін жариялады
Шабуылшыл мәнері үшін жанкүйерлер арасында "Қазақ Тайсоны" атанған Аман Қонысбеков Instagram парақшасында спаррингтен кейінгі фотосуреттерін жариялады. Ол кадрларда Жәнібек Әлімханұлымен бірге бокс жабдығында тұр.
"Жәнібек ағамызбен спарринг өткізіп жатырмыз", — деп жазды Қонысбеков.
Әлімханұлы – Банк жекпе-жегі қашан өтеді?
Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17–0, 12 КО) екінші орта салмақтағы алғашқы кездесуіне әзірленіп жатыр.
Боксшы 2027 жылғы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында Якоб Банкпен (20–0, 11 КО) жұдырықтасады. Екі қарсылас та кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген.
Жекпе-жекте WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионының бос белбеуі сарапқа салынады.
"Қазақ Тайсоны" ел чемпионатында күміс алды
Түркістан облысының өкілі Аман Қонысбеков қарашаның басында Таразда Қазақстан чемпионатында 75 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанды.
Ол финалға дейінгі жолында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұлды 5:0 есебімен жеңді. Ал алтын медаль үшін айқаста алматылық Нұрбек Мұрсалға төрешілердің бірауызды шешімімен есе жіберді.
Қонысбеков бұған дейін 22 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатында екі рет топ жарған.